Елімізде жаңа көлік саны артты

Жеті жыл ішінде шыққанына 3 жыл толмаған көліктердің үлесі 8,4 пайыздан 13,6 пайызға дейін өсті.

Ал он жыл бұрын құрастырылған автомобильдер саны 73 пайыздан 63 пайызға дейін төмендеді. 

Қазір Үкімет отандық автоөндірісті күшейту арқылы бұл көрсеткіштерді жақсарта түсуді көздеп отыр. Ал кедендік салықтарды азайту да автопарктің жаңаруына сеп болады.

Астаналық Марат Диханбаев жақында Қытайдан көлік алып келді. Біраз жолсоқты болып, бірнеше күнді ұйқысыз өткізді. Әйтсе де өкінбейді. Себебі зауыттан былтыр шыққан темір тұлпарды едәуір арзанға сатып алды. Дегенмен, елге кіргізгенде жұмсайтын ақша көп дейді қала тұрғыны.

Марат Диханбаев, қала тұрғыны:

- Былтыр мысалы 600 мың болса, декларационный сборы, биыл 706 561 теңге теңге төледім. Бұның НДС-і бар. НДС-і – 652 695 теңге. Утильсборы биыл 600 мыңдай болады. Оның үстіне еще сертификационный сборлары бар. Отандық ең арзаны он миллион ғой салонда тұрғаны. Ең арзаны 10 миллион, 12 миллион. Оның үстіне комплектациясына байланысты ғой. Ал, мынау менің алған мәшинем Қытайдан полный комплектациясы. Сол полный алған машиненің өзі маған где то 7 млн-дай шығып жатыр ғой.  

Шетелден көлік аламын десеңіз, бірнеше миллион теңгеге шығындануға дайын болыңыз. Негізгілерін атап өтейік. Алдымен, көлік құнының 12 пайызы көлемінде қосымша құн салығын төлейсіз. 15 пайыз мемлекеттік баж салығын төлеуді де ұмытпаңыз. Сәйкестендіру сертификатының құны 60 мың теңгеден 140 мың теңгеге дейін барады. Ал утилизациялық алым автокөліктің қозғалтқышына қарай қымбаттай береді. Егер, қозғалтқыштың көлемі 3 литр болса, алым 2 млн теңгеден асады. Сондай-ақ бастапқы тіркеу алымын төлеу керек. Мұнда да көліктің шыққанына 3 жылдан асса, 1,8 млн теңге  төлейсіз. Тағы басқа да майда-шүйде шығындар бар. 

Көлікті тіркеу шығыны 

Қосымша құн салығы – 12%

Мемлекеттік баж – 15%

Сәйкестендіру сертификаты – 60 000-140 000 теңге

Утильалым – 258 750-2 112 900 теңге

Бастапқы тіркеу алымы (шыққанына 3 жылдан асқан көліктер үшін) – 1 846 000 теңге  

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы кедендік жаңағы кестені мен төмендету керек деген ұсынысты айттым. Неге?! Мен сол мысал келтіргенде, Hyundai Elantra-ңызды Кореядан әкелген кезіңізде су жаңасын, бүкіл төлемін төлегеннің өзінде 9 млн теңгенің көлемінде шығады. Ал біздегі комплектациясы жағынан ең төмен деңгейдегі ең арзан Hyundai Elantra-ңыз заводтан шыққан, арнайы ресми сайтында 10 млн 990 мың деп тұр.  

Депутат Үкіметке кедендік салықтарды төмендету бойынша депутаттық сауал жолдағанын айтады. Бастапқы тіркеу бағасы мен утильалым құнын түсіруді ұсынған. Сондай-ақ, бастапқы тіркеу алымы қомақты алынатын мерзімді 3 жылдан 7 жылға ұзарту қажет дейді.

Ал Үкіметтің мәлімдеуінше шекара асып келетін техника үшін алынатын алым-салық отандық автоөндірісті қолдау үшін жасалып отыр. Кәдеге жарату және тіркеу алымы автопаркті жаңартуға ынталандыру және азаматтардың қауіпсіздігі үшін керек. Сондай-ақ экологиялық жағдайды жақсарту да маңызды. Одан кейін автомобиль жасау саласындағы инвестициялық жағдайдың орнықты ету сырттан пайдалануда болған көлікте әкелуге тосқауыл қою көзделеді. Есесіне отандық өндірісті қолдау арқылы автопаркті жаңарады.  Бұл орайда өзге елдердің де тәжірибесі ескерілген.  

«Мысалы, Оңтүстік Корея мен Өзбекстанның автомобиль өнеркәсібі дами бастаған сәттен бастап өз нарығын қорғау мақсатында импорттық автомобильдер үшін тосқауыл баждары қолданылды және әлі де қолданылуда.

Өзбекстанда 30 жыл бойы автомобиль нарығы дәстүрлі түрде жабық болды. Өзбекстанға импорттаған кезде автомобильдерді кедендік тазарту бойынша төлемдер автомобиль құнының 120-150%-ын құрайды...

Жалпы тарифтік қорғауды қолданудың халықаралық тәжірибесін қарастыра келе, Қазақстанда қолданылатын құралдар өз өндірісі бар әртүрлі елдерде кеңінен қолданылады деген қорытынды жасауға болады»

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: 

- Дегенмен, сарапшылар кедендік рәсімдеудегі өзгерістер отандық автоөндіріске зияны тимейді деген пікірде. Керісінше, бәсекелестікті күшейтіп, сапалы көлік жасауға жол ашуы тиіс.

Тілек Бекбасаров, сарапшы:

- Менің ойымша, ол шаралардан біздің автопром зардап шекпейді. Өйткені мемлекеттен көп көмек шаралары бар. мысалы , олар қосымша құн салығынан босатылған. Одан басқа кедендік алымнан босатылған. Тағы да басқа салықтық жеңілдетулер бар. Субсидиялар бар. Солардың есебінен көлік құнын төмендетуге және көліктің сапасын жақсартуға болады.  

Бүгінде Қазақстанда 4 миллион жеңіл автокөлік бар. 49 пайызының жасы жиырма жылдан асып кетсе, 21 пайызының зауыттан шыққанына он жыл толған. Ал біз жаңа дейтін 3 жылға дейінгі көліктердің үлесі 6 пайыз.

Енді оны жаңартудың амалы қандай? Алынатын кәдеге жарату алымынан 180 млрд теңге отандық техниканы жаңартуға бөлінген. Бұдан бөлек 2024-2026 жылдары экологиялық іс-шараларға 200 млрд теңге жұмсалады. Бұл орайда Үкімет елдің өнеркәсібін қалыптастырып, экономикалық тұрғыда өзін өзі қамтамасыз етуге мүдделі. 2023 жылдың 11 айында елде өңделген тауарлар импортының 47 пайызы машина жасау өніміне тиесілі. Ал осы саладағы сараптау институттарының дерегі бойынша автомобиль жасауда жұмсалған бір доллар жалпы ішкі өнімді орта есеппен үш долларға арттырады. Яғни автоиндустрияда көптеген аралас салалар жұмыс істейтіндіктен, автомобиль өнеркәсібіндегі бір жұмыс орны басқа салаларда онға жуық жұмыс орнын ашады. Бұл отандық өнеркәсіпті қолдау мен қорғау және ұлттық экономиканы әртараптандырудың негізгі саясаты. Қазір елде көлік өндірісі қарқын алып келеді. Былтыр шамамен 148 мың көлік құрастырылған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Оның 9 мыңнан астамы экспортталды.

Нұрқанат Қанапия, Қанат Махмұтов, Жандос Битабаров