Павлодарда ерекше балаларға арналған үйірме бар

Павлодарда ерекше балалар құмыра жасап үйреніп жүр.

Көнеден жеткен қолданбалы өнер бүгінде арт-терапияға айналған. Психологтардың айтуынша, саз балшықпен жұмыс істеу жүйке жүйесін тыныштандырады. Әсіресе аутизмге шалдыққан, сал ауруы мен Даун синдромы бар балаларды қоғамға бейімдеу ісінде пайдасы мол.

Ақбаян Байтубаеваның қыш құмыра жасайтын жеке студиясы бар. Арнайы мектеп-интернат жанынан ашылған үйірмеге ол ата-ана ретінде келген. Өйткені он төрт жастағы ұлы осы мектепте оқиды. Білікті маман оқушыларға шеберлік сағатын өткізді.

Ақбаян Байтубаева, педагог-психолог:

- Бұл ерекше балалар үшін өте жақсы бағыт дер едім. Баланың ой - өрісін, ұсақ моторикасын дамытады. Жеке қабілетін ашады. Тіпті болашақта мамандық таңдауына да ықпал етеді.

Екі апта бұрын ашылған үйірме балалар арасында ерекше қызығушық тудырды. Олар аптасына үш рет келеді. Сегізінші сынып оқушысы Нейли Нэп саздан түрлі бұйым жасап үйреніпті.

Нэйли Нэп, оқушы:

- Маған сазбен жұмыс істеу қатты ұнайды. Гүл салатын құмыралар, ойыншықтар жасадым. Кепкеннен кейін әдемілеп бояймын. Сурет салуға да болады. Мен оларды жақындарыма сыйға тартамын. 

Мектеп жанындағы қыш шеберханасын жабдықтауға ерекше көңіл бөлінді. Қыш дөңгелектер, кең муфель пеші, кептіру шкафы және басқа да құралдар сатып алынды. Педагогтардың айтуынша, балаларды қоғамға бейімдеуде мұндай үйірмелердің әсері мол. 

Олжас Жәміш, үйірме жетекшісі:

- Ерекше балалар болғанымен олардың қабілеттері өте жоғары деп айта аламын. Өйткені ол біздің механикалық емес және физикалық тұрғыда жақсы дамытады. Көбі қолдарының моторикасын, фантазиясын, креативті әзірлеу, декорация істеу кезінде өте жақсы жұмыс істейді.

Құмыра жасауға ересектер де қызығады. Облыс орталығында осындай бірнеше шеберхана бар. Ерте заманда кеңінен қолданылған қыш ыдысты бүгінде шыны, металл және пластик алмастырды. Ал құмыра жасау өнері   арт-терапияға айналды.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков