Елде жыл сайын адам саудасына қатысты 150-200 жағдай тіркеледі

Елде жыл сайын орта есеппен адам саудасына байланысты 150-200 жағдай тіркеледі, деп хабарлайды 24KZ.

Әсіресе мәжбүрлеп еңбекке жегу, жыныстық құлдыққа тарту, суррогат ана болуға итермелеу және ағза не тінді сату фактілері жиі кездеседі.

Иә, қазір Парламент қабырғасында арнайы заң жобасы қаралып жатыр.

ЮНИСЕФ-тің дерегі бойынша жыл сайын жаһанда 1 млн адам сатылады. Адам саудасы – трансұлттық сипаттағы қылмыс. Әлемдегі заңсыз сауда үштігін түйіндейтін де осы.

Заңсыз сауда үштігі:

  1. Қару-жарақ саудасы;
  2. Есірткі саудасы;
  3. Адам саудасы.

Шахноза Хасанова, «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының директоры:

- Халықаралық ұйымдардың есептеуінше, әлем бойынша шамамен 30-40 миллион ересек пен бала мәжбүрлі, әділетсіз еңбекке және жезөкшелікке «жегілген». Адам саудасының жыл сайынғы айналымы 150 миллиард долларға жетіп отыр. Бірінші орында жыныстық қанау, екінші орында мәжбүрлі еңбек тұр. Ал мәжбүрлеп қайыр сұрату және қылмыс жасату мақсатында аз ұрлайды. Себебі пайда өте жоғары, көп қудаламайды, тағылатын айып та аса ауыр емес. Біздің ұйымның статистикалық мәліметтеріне сәйкес орта есеппен жыл сайын адам саудасымен байланысты 150-200 жағдай анықталады.

Батыста жыныстық құлдық кең тараса, біздің елде еңбекпен қанау көш бастап тұр. Әсіресе ауыл балаларының қаладан нәпақа іздеп келіп, құлдыққа тап болуы жиі кездеседі. Деректің өзі қорқынышты. Саудаға салынған әрбір 7-ші адам кәмелетке толмаған. Оларды әдетте қайыр сұрауға мәжбүрлейді. Өкінішке қарай, анықталған қылмыстық деректің бәрі бірдей сотқа жетпейді. Былтыр 152 жағдай тіркелген. Бірақ сотты болғандар саны 40-қа да жетпеген. Иә, адам саудасы экономикадан бөлек, ұлттық қауіпсіздікке де нұқсан келтіреді. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Қазір Парламентте адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң қаралып жатыр.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

- Күрестің тиімді болу үшін бірінші сол адам саудасының құрбандарына барлық көмекті көрсету керек. Қылмыс қалай ашылады? Қылмыс адам саудасының көрсетіліміне байланысты болады. Егер біз оларды жақсылап қолдайтын болсақ, онда қылмыс та тез ашылады. Себебі бұл – жасырын қылмыс. Оның көптеген түрлері сотқа дейін жетпейді. Жылына 150-200-ден астам қылмыстық іс қозғалады осы баптар бойынша.  

1 жасқа дейінгі балалар да заңсыз ақша көзіне айналған. Былтыр Тараздағы қос дәрігердің жаңа туған нәрестені сатып жібергенін естіп жаға ұстадық. Кінәлілер 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

- Жетіспеушілік себеп болады. Адамдар жақсы тұру үшін жұмыс істеу керек. Сол үшін Үкімет адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету керек. Не үшін ақша іздеуге барады? Біреу тәрбиесіз ортаға барады.

- Кез келген азамат өзінің құқықтарын білуі керек. Неге құқығы бар, оны қалай пайдалану керек деген сияқты. Егер сондай бір қысымшылықтарға ұшырап жатса, белгілі органдарға шағымдану, арыздану деген нәрселерді білуі керек. Прессингке, қудалаушылыққа ұшырап жүрсе. Сол жағынан келген кезде адам қазір сауатты болу керек.

- Мысалы, қазір интернетте жарнамалар көп кой. «Шетелде жұмыс, осындай жалақы» деген сияқты. Сондай нәрселерге еріп кетпеу керек шығар. Оңай нәрсе жоқ қой.

Иә, шетелге жұмыс іздеп барып, құлдыққа түсіп қалмау үшін бірнеше кеңесті қаперге алыңыз. Жеке куәлігіңізді ешкімге бермеңіз. Өзге құжаттардың көшірмесін туыстарыңызға беріп қойған жөн. Сондай-ақ шетелдегі өкілдіктеріміздің, елшіліктеріміздің мекенжайларын біліп жүріңіз. Міндетті түрде сапар мақсатынан отбасыңыз хабардар болсын. Қиын жағдайға тап болсаңыз, туыстарыңызға ескертетін құпия сөз болғаны абзал.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

- БАӘ, Бахрейн, Қатарға, Түркияға туристік компаниялар арқылы біздің қыздарды алдап алып кетіп, сол жерде жезөкшелікке еркінен тыс салып қою фактілері бар. Бұған ІІМ мен СІМ елге қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр. СІМ мемлекеттік бюджеттен жылына 100-200 млн теңге ақша бөлінеді. Сол қарындастарымызды, қыздарды анықтап, елге қайтару жұмыстарын жүргізу керек.

Мамандар 18 бен 30 жас аралығындағы әйелдердің адам саудасына жиі ұшырайтынын айтады. Ерлердің жасы 60-қа барады. Жалпы адамды құлдық мақсатта сатқандар 18 жылға сотталады. Мүлкі тәркіленеді. Әрі қылмыстың бұл түріне амнистия қарастырылмаған. Осы адам саудасының алдын алу үшін халықты жиі ақпараттандыру маңызды. Құқық қорғау органдары дағдарыс орталықтарымен етене жұмыс істеуі керек. Тастемір Әбішев: «Қылмыс орнауы мүмкін деген орындарды еңбек инспекторлары бақылауда ұстау қажет», - дейді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Дильназ Тұрғазыева, Мадияр Қындыбаев.