Туризм саласындағы жаңашылдықтар

Былтыр Ақмола облысының туризм саласына 27 миллард теңге инвестиция салынды.

Аймақта жаңа қонақүйлер мен демалыс орындары пайда болып, инфрақұрылым айтарлықтай жаңарды.

Соңғы 3 жылда Бурабай мен Шортандыда демалушылар саны 150 мың адамға артқан. Дегенмен бұл бағытты зерделеген мамандар туризм талаптарының түрленгенін айтып отыр. 

Шортанды мен Бурабай, Зеренді сауықтыру аймақтары Ақмола облысының негізгі демалыс орындары саналады. Соңғы жылдары ол жерлердің инфрақұрылымы жаңарып, жаңа туристік бағыттар ашылды. Бірақ қазір қонақтарды тамылжыған табиғат, ойын-сауықпен таңғалдыру оңай емес деп отыр мамандар. Туристердің дені емдік-сауықтыру қызметтеріне басымдық береді.

Шынарбек Батырханов, Туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының төрағасы:

- Ақмола облысында табиғат аясындағы белсенді демалыстан бөлек түрлі шипажайлардың да болашағы зор. Шипалы балшық, йод пен бром тұзды көздері де бар. Жергілікті минералды суды айтуға да болады. Инфрақұрылым мәселесі де шешімін тапты. Жол түзеліп, негізгі бағыттарда жаңа демалыс орындары пайда болды. 

Қазір қонақ қабылдайтын нысандарды жаңартуға көп көңіл бөлінген. Облыс бойынша туризм саласының жеті бағытына субсидия бөлінеді. Былтыр жаңа ғимараттың құрылысына, қажетті техника алуға жұмсалған қаражаттың бір бөлігін өтеуге бюджеттен 15 млн теңге бөлінді. Мемлекеттік қолдау арқылы ұсынылатын қызметтер сапасын арттыру көзделген. 

Андрей Подгурский, туризм басқармасының жетекшісі:

- 105 млн теңгеге 10 өтінім келіп түсті. Бәріне де қолдау көрсетіледі. Осы аптадан бастап кәсіпкерлердің есеп шотына аудара бастаймыз. 1 наурызға дейін келер жылдың жобаларына құжат қабылданып жатыр. Қазір 70-ке жуық кәсіпкерден өтінім келіп түсті.

Ақтөбе облысы

Ал Ақтөбе облысында туризмді қолдауға бюджеттен 168 млн теңге бөлінген. Бұл жолы шамамен 4 млн теңге гидтерді оқытуға жұмсалады. Себебі өңірде осы мамандарға сұраныс артқаны байқалады. Былтыр демалыс орындары 140 мың қонақ қабылдаса, биыл бұл көрсеткіш шамамен 150 мыңға ұлғаюы мүмкін. Осы ретте «Димаштур» деп аталатын жоба жүзеге асырылады. Соның негізінде турситер әлемге әйгілі әншінің туған жерімен таныса алады.

Алмас Салықбаев, кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

- "Димаштурдың" тұсаукесерін өткіздің 2023 жылы қараша айында. Сонымен қатар биылғы жоспарымыз сол жақтан осы "Димаштурдың" әрі қарай потенциалын, туристтік бағытын әрі қарай жүргізуге тиістіміз. Қытай болсын, Корея болсын сол жақтағы туристерді осы Ақтөбе облысына әкелу мақсатында қазіргі уақытта жұмыс істеп жатырмыз.

Елімізде келетін туристер саны бойынша Ақмола облысы көш бастап тұр. Биыл 1 млн 200 мың адам Көкшетау өңірінің кереметтерін тамашалайды деп жоспарланған. Соның ішінде шетелдіктердің үлесі едәуір артпақ. «Себебі қыркүйекте Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған келетін қонақтар Бурабайға да тоқталатыны сөзсіз», - дейді мамандар. 

Авторлары: Мансур Есқожин, Аслан Абуталипов, Айнадин Молдабеков, Виктор Полянный