Ақмолалық дәрігерлерге соңғы жарты жылда үш рет шабуыл жасалды

Ақмола облысының дәрігерлеріне соңғы жарты жылда үш рет шабуыл жасалды.

Көбіне жедел жәрдем қызметкерлеріне балағат сөз айтылып, қол жұмсалады. Өз кезегінде мамандар медицина өкілдеріне қатысты осындай жағымсыз жағдайлардың көбейіп кеткеніне алаңдаулы. Себебі бұл қызмет көрсету сапасына және кадр тапшылығына әсер етеді.

Бұл Щучинск қаласындағы жанармай құю бекетінде болған оқиға. Ер адам жедел жәрдем жүргізушісіне жұдырық ала жүгірген. Науқасқа асыққан реанимобильдің жолын көлігімен бөгеп, өтіп кетуді талап еткен. Бұған көнбеген жедел жәрдем жүргізушісі қала тұрғынынан ауыр соққыға жығылды. Осы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицейлердің айтуынша облыста мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп жатқан жоқ.

Гүлнәр Пинчук, ПД Баспасөз қызметінің басшысы:

- Биыл 4 қантарда Пригородный ауылының тұрғыны фельдшерге күш көрсетті. Медициналық қызметкер түрлі дене жарақатын алды. Осы іске қатысты әкімшілік іс қозғалды. Ал былтыр Көкшетау қаласында жедел жәрдем фельдшерін ер адам соққыға жықты. Бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Көбінесе жедел жәрдем бригадалары шабуылдарға тап болып жатады. Себебі шақыртулар тұрмыстық жанжал мен жаппай төбелес орындарынан түсіп жатады. Осылайша дәрігерлерге қауіпті жағдайда жұмыс істеуге тура келеді, дейді медицина мекемелерінің басшылары.

Сапура Базарбекова, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бөлім меңгерушісі:

- Дәрігерлерге балағат сөздер айту, агрессия таныту жағдайлары болып тұрады. Бірақ емделушілердің көбі кейін келіп, кешірім сұрайды. Осындай жағдайлар медициналық қызметкерлерге теріс әсер етеді. Жұмысқа ынтасы жоғалып, психологиялық күйзеліске түседі.

Тәжірибелі дәрігер Серік Кәкеновтың айтуынша, медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, олардың жұмысына кедергі келтіру бойынша қылмыстық жауапкершілікті енгізу қажет. Кәсіби міндеттерін орындау кезінде дәрігерлер негізсіз соққыға жығылып, жарақат алады. Өз кезегінде бұл кадр тапшылығын ұлғайтып, медициналық қызмет сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Серік Кәкенов, облыстық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы:

- Менің ойымша, біздің елде осындай жағдайлар болмауы тиіс. Бірақ кейбіреулер медицина мамандарын негізсіз кінәлап, оларға күш көрсетеді. Бұл дәрігерлердің мәртебесін және осы мамандықтың құндылығын төмендетеді. Сол себепті заңға өзгеріс енгізіп, медициналық қызметкерлерге шабуыл жасаған үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу керек.

Денсаулық сақтау министрлігі осындай жағдайлардан кейін медициналық персоналды қорғауды күшейтуге ниетті. Қылмыстық кодекске медициналық қызметкерлерге шабуыл жасалғаны үшін жауапкершілікті көздейтін норма енгізу жоспарланған. Заңнамадағы өзгерістердің жобасы алдағы уақытта талқыланады.

Аслан Әбутәліпов, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный