Астанада су басу қаупі бар 20 учаске анықталды

Құтқарушылар қазір осы аумақтарды бақылауға алған, деп хабарлайды 24KZ.

Күні-түні күзетіп жүр. Өйткені күн күрт жылынса, су жүреді.

Бүгінге дейін Астананың өз басынан 4 миллион текше метрден астам қар шығарылды. 16 мың арық пен 700-ге жуық кәріз жүйесі қардан тазартылған. Күрежолдардың бойындағы суағарлар да назарда. 

Елордада су тасқынының алдын алуға дайындық қызған. Әсіресе қауіпті учаскелер назарда. Онда жекеменшік тұрғын үй секторы бар. Әлеуметтік нысандар көп. Мамандар жағдай қиындаса, жергілікті тұрғындарды орналастыруға арнайы орындар дайындап қойған.

Бақытжан Мәуленбердиев, қалалық ТЖД басқармасының бастығы:

- Төтенше жағдайдың алдын алуға байланысты 16 пункт қарастырылған. 2700 адамға дейін қабылдау орны бар. Су тасқынына қарсы 586 жеке құрам және 160-тан аса техника, 65 мотопомпа құрамы құрылған.

Жалпы бас қалада су басатын қауіпті аумақ көп емес, - дейді. Бірақ республикалық маңызы бар жолдарда мыңнан астам көпір мен 15 мыңға жуық су өткізгіш құбырларға қауіп бар.

Серік Мырзағалиев, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі:

- Қазіргі уақытта оңтүстік аймақтарда күн біршама жылынып қалды. Сондықтан су өткізгіш құбырларды қардан тазарту жұмыстары басталды. Ал солтүстік өңірлерде бұл жұмыстар наурыз айының ортасында немесе соңында жүргізіледі. Бәрі ауа райына байланысты ғой. Әр аймақта қаупі жоғары учаскелер бар. Сондықтан қажетті техникалар мен инертті материалдар толығымен дайындалды.

Қазір елде қауіпті учаскелер күін-түні бақылауға алынған. Егер жағдай туындаса, 11 мың техника мен 40 мыңға жуық адам сақадай сай отыр. Мамандар: «бұл күш су тасу кезеңінен қиындықсыз өтуге жектілікті», - дейді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Қанат Махмұтов.