Атырауда тартылып жатқан кәріз жүйесі қайта қаралады

Жаңа жоба бекітілсе, кәріздік жүйе қала маңындағы елді мекендерді де қамтиды.

Ұзындығы 16 шақырымнан асатын құбыр іске қосылғанда іргедегі ауылдар мен қаланың жартысы қарғын судың азабынан түбегейлі арылып, су басу қаупі толық сейіледі дейді мамандар.

Күрт еріген қар Атырау тұрғындарын әбігерге салды. Сенбі-жексенбі күні жауған қардың қалыңдығы 12-15 сантиметрден асты. Жергілікті билік қолда бар мүмкіндікті жұмылдырып, екі күнде 12 мың тоннадан астам қар шығарды. Онсыз да жер асты су көздері жақын орналасқан 6 ауылға су басу қаупі төнді. Амалы таусылған атыраулықтар жаңа тартылып жатқан «Талғайраң-Орталық» кәріз суы жобасынан үлкен үміт күтіп отыр.

Халел Борашев, қала тұрғыны:

- Талғайраңнан бері тартылып жатқан құбыр іске қосылса, әр жақтан бері қарай ықшам аудандардың кәріз сулары жерге сіңбей сол құбырмен айдалып кететін болса, жер кеуіп, жоғарыға су шықпайды. Оның үлкен пайдасы болады.

Бұл – жаңадан бой көтеріп келе жатқан Талғайраң спутник-қалашығындағы кәріз суына арналған жүйе. Жоба былтыр басталған. Диаметрі 400 милиметрлік мына құбырдың бойында 2 жерден автоматты сорғы жүйесі бар. Бірақ бұл жоба тек Талғайраңдағы көпқабатты үйлердің коммуналдық жүйесіне негізделген. Енді мамандар осы жобаны өзгертіп қосымша қуатын арттырмақ.

Қуат Қалимов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

- Қазір осы жобаға түзету жұмыстары басталып кетті. Жобалаушы мекеме қазір жобамен жұмыс істеп жатыр. Айналадағы елді мекендерде қанша үй бар қанша халық бар соның бәрін жобалаушы мекеме өздері есептеп соған байланысты құбырдың диаметрін ауыстырады КНС-тің өзін өзгерту керек болады.

Ұзындығы 16 шақырымдық кәріз жүйесінің құрылысы 50 пайызға аяқталып тұр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Спутник қалашықтан орталықтандырылған кәріз жүйесіне тартылған құбырдың құрылысы баяу болса да жүріп жатыр. Дегенмен бұл жобаға өзгеріс енгізілуі мүмкін. Сол кезде ол жолдағы 9 елді мекенді қамтитын қуаты екі есе артқан үлкен кәріздік жүйе болады. Құбыр құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов