Елімізде суды үнемдеп тұтынудың жаңа тарифі енгізілді

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі мәлімдеді.

Ведомство басшысының айтуынша, суды үнемдеу мақсатында 4 деңгейлі тариф белгіленді. Ұтымды тәсіл 13 млрд теңге қосымша табыс әкеледі деген болжам бар. Қаражат желілер мен жабдықтарды жөндеуге, оларды күтіп-баптауға жұмсалады. Бүгін Мәжілісте елдегі сарқынды суларды қайта пайдаланудың тәсілдері талқыланды.

Ел тұрғындарының 300 млрд теңгеден астам зейнетақы қорындағы қаржысы кәріз-тазарту құрылыстарын салуға жұмсалады. Бұл туралы Мәжілісте сарқынды суларды қайта пайдалану мәселесін талқылау барысында айтылды. Сарапшылар тәуелсіздік алғалы Қазақстанда осындай бірде-бір жаңа құрылыс салынбады деп отыр. Мәселен, Ақтаудағы кәріз-тазарту нысанының құрылысы 15 жылдан бері аяқталмай келеді. Ол жобаға миллиардтаған қаржы құйылған. Ал қалада осыдан жарты ғасыр бұрын салынған кәріз-тазартатын нысанның жүктемесі көп. Әрі тозығы жеткендіктен судың көбі зая кетіп жатыр, - дейді мамандар.

Орынбасар Тоғжанов, эколог:

- Егер канализациялық тазарту қондырғысынан шыққан су тазартылып, жасыл желекке пайланатын болса, халыққа су жеткен болар еді. Ал қазір халыққа су да жетпейді, қаланың жасыл желегі жылдан жылға күйреп бара жатыр. Ал тазартылған суды пайдалану бұл экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да өте пайдалы.

Қазақстанда көлік жуу орталығы мен моншасы бар кәсіп иелері қайта өңдеу технологияларын орнатуға міндетті болады. Себебі олар қажетіне ауызсуды пайдаланып келеді. Мәселен, бір жеңіл көлікті жууға шамамен 200-250 литр су жұмсалады екен. Жүк машинасы мен автобустарды жууға 500-700 литрге дейін су кетеді. Бұл жылына шамамен 100 млн текше метр су далаға кетіп жатыр деген сөз. Ал монша кешендері жылына шамамен 120 млн текше метр су тұтынады. Бұл тіршілік нәрінің тапшылығын тудыруы мүмкін.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Су саласындағы бұзушылықтарға заңнамалық деңгейде жауапкершілік күшейтіледі. Мысалы, мөинистрліктің бассейндік инспекцияларына мемлекеттік бақылаудан басқа қадағалау функциялары да беріледі. Бұл су объектілерін қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мұқият бақылауға, өз бетінше пайдалануға қарсы күресуге, гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану қағидаларының сақталуын қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасының су заңнамасының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді. Ол үшін әр облыс орталығында бөлімдер ашылып, бассейндік инспекциялар штаты 98 бірліктен 242 бірлікке дейін ұлғайтылды.

Су тапшылығы – жалпы әлемді алаңдатып отырған мәселе. БҰҰ мәліметінше бүгінде жаһан жұртының 70%-і суға зәру. 2,5 миллиард адам таза ауызсуға жарымай отыр. Сарапшылар: «болашақта елдер арасындағы кикілжіңге дәл осы мәселе себеп болуы мүмкін», - дейді. Ғаламдық проблема Қазақстанды да айналып өтпек емес. Мемлекет басшысы оның алдын алуды соңғы жылдары жиі айтып жүр. Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керектігін де ескерткен. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатыр. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40%-і босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60%-і тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет.

Жалпы әр салада су үнемдеудің түрлі тетіктері жаңа Су кодексінің жобасына енгізілген. Құжат қазір Парламент қарауында жатыр. Сұрауы бар судың қадіріне жетпей отырмыз, - дейді депутаттар.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қаланың өзіміздің тұтынып жатқан судың 1,3% ғана тазартылады екен. Соған қарағанда біз көптеген 97% таза суды ластап, қоршаған ортаға жіберіп жатырмыз. Өнеркәсіп министрлігі бірнеше қалада тазарту ғимараттарын саламыз деп отыр. Біздің сурағымыз сол ғимараттар технологиясы лас суларды тазартуға қамтамасыз ете ме? Жаңа технологияларды әкелу, мысалы, Израиль, Сингапурдағы, Еуропадағы сияқты лас суларды тазалайтын технологиялар енгізу өте қымбат деп отыр.

Ал бұдан былай суды үнемсіз қолданған шаруаларға тариф өседі. Су ресурстары және ирригация министрі қазір бұған қатысты жоба әзірленіп, Ұлттық экономика министрлігіне жолданғанын айтты. Себебі егін суаруға асқан үнемшілдік қажет. Мәселен, қазір оңтүстік өңірлерде су арналарының ескіруінен судың жартысына жуығы далаға кетіп жатыр. Шаруалар шама келгенше су үнемдеу технологияларын енгізуі қажет.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ербол Дайыров.