Еңбекке жарамды азаматтар мемлекеттен көмек алып отыр

Қоғамда масылдық психологиясы қалыптасты.

Еңбекке жарамды, жағдайы бар азаматтар мемлекеттен көмек алып отыр. Ол үшін табысын әдейі азайтып көрсетіп, құжат тапсыратындар бар. Салдарынан қолдауға шын мұқтаж жандар көмектен қағылды. Яғни, әлеуметтік көмек қазір әділетті түрде берілмейді. Үкіметтің кеңейтілген отырсында осыны сынға алған Президент жауаптыларға барлық амал-тәсілді зерделеп, халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуды тапсырды.

Әлеуметтік сала – жаңа Үкіметтің айрықша назар аударатын бағыттарының бірі. Қазір елде әрбір бесінші азамат мемлекеттен жәрдемақы алады. Президенттің сөзінше, оның басым көпшілігі – еңбекке жарамды жандар. Соңғы кезде мемлекет мұқтаждарға көмек береміз деп қоғамда масылдық психологияға жол берген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет. Жалпы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн. Себебі мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар бар. Әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс. Бұл мәселеде бір нақты шешім қабылдау қажет.

Президент атаған мәселенің бір мысалы – бұл. Қарағанды облысында тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған 33 мың азаматтың 454-і тізімге заңсыз енгізілген. Негізі мемлекет баспананы тек жетімдерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасылар мен соғыс ардагерлеріне үлестіреді. Ал кезекте заңсыз тұрғандар бұл топтың ешқайсына да жатпайтын болып шыққан.

Ерлан Түсіпов, облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:

- 50 адамға заң талаптарына сәйкес келмейтін пәтерлер берілген. Қадағалау актісі бойынша иесі жоқ 78 тұрғын үйді коммуналдық меншікке қабылдау шаралары жүргізіліп жатыр. Ақтоғай ауданында мұқтаж азаматтарға жағдайы өрт және санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін 4 тұрғын үй және электр қуатына қосылмаған 2 тұрғын үй сатып алынған. Сонымен қатар Шахтинск қаласында алаяқтық фактісі анықталды.

Міне, жағдайы бола тұра, бірақ «мемлекеттен әйтеуір алып қалайын-ау» дегендердің кесірінен елде шын мұқтаж жандар қолдаудан қағылып отыр. Бұл жүйені Президент сынады. Сынады да, Үкімет алдына әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуды тапсырды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Әлеуметтік көмек негізі нақты мұқтаждарға берілу керек, - деді Президент. Ол өте дұрыс деп ойлаймыз. Ешқандай әлеуметтік көмектердің саны кемімейді. Бірақ берілген кезде сол мұқтаж жандарға беру мәселесін, яғни әлеуметтік теңдікті қалыптасыру мәселесін қарастырып отыр. Сондықтан біз негізінен келген азаматтар мұқтаж ба, мұқтаж емес па? Соған көңіл аударатын боламыз. Соның механизмін жетілдіретін боламыз.

Айта кету керек, осыдан 3-4 жыл бұрын елде атаулы әлеуметтік көмек алғандардың саны 2 млн-ға жеткен. Көбінің тиісті үй-жайы, мардымды табысы бар бола тұра жәрдемақы алып тұрған. Бұны кейін жүргізілген тексеріс те дәлелдеп берді. Нәтижесінде шын мұқтаж емес жандардың тізімі қысқартылды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Механизмін әлі де жетілдіреміз. Өткен жылдың есебін қарайтын болсаңыз, 500 мыңнан аса азамат атаулы әлеуметтік көмек алады.

 

МӘМС жүйесін реформалау

Халықтың шамына тиетін тағы бір мәселе – ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Оның іске қосылғанына 5 жыл болды. Бірақ 5 жылда мәселе азаюдың орнына еселеп арта түсті. Қазір КТ, МРТ жасатудан бөлек, дәрігердің қарапайым қабылдауына жазылудың өзі қиын. Саланың бюджеті 2 есе артқанымен, медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсара түспеген. Қордаланған мәселені шешуде жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министрі: «асығыстық танытуға болмайды», - дейді.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Тез шешім қабылдауға болмайды. Себебі халықпен жұмыс жасайтын үлкен жүйе. Сондықтан бұл жерде асығыс жасаған шешімдер негізі қабылданбау керек деп ойлаймын. Шамалы уақыт керек. Тиісті сарапшыларды сырттан да тартып жатырмыз. Себебі бұл жерде қателесуге болмайды.

Жалпы биыл денсаулық сақтау саласына 2,6 трлн теңге ақша бөлу қарастырылған. Бірақ Үкімет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қаражатты тиімсіз жұмсау мен артық жалған тіркеулер бола тұра бюджетті арттыруға жол берілмейтіндігін қадап айтты.

Авторы: Риат Шони.