Теміртауда металлургтер әулеті тұрады

Теміртау қаласында жалпы еңбек өтілі 150 жылға жуықтаған металлургтер династиясы тұрады, деп хабарлайды 24KZ.

Берг әулетінің үш өкілі ірі комбинатта жұмыс істейді. Адал еңбекті атадан балаға мирас еткен әулетпен өңірдегі әріптесім жүздескен болатын. 

Ардагер металлург Александр Берг бүгін өзі талай жыл еңбек еткен металлургиялық комбинатқа келді. Ол 1956 жылы зауыт табалдырығын аттаған еді. Мұндағы қайнаған өндірісті, болаттай берік төзім мен еңбекққорлықты қажет ететін жұмысты қария бес саусағындай біледі.

Александр Берг, ардагер металлург:

- Мен алғаш жұмысты электр маманының шәкірті ретінде бастадым. Ол кезде жұмыс істеп жүріп кешкі уақытта ҚарМет комбинатқа қарасты техникумда оқитынмын. Сол кезде-ақ металлургиялық мамандықты таңдағам. Таңдауыма еш өкінген емеспін. Осы жерде өстік, өркендедік. Мамандықты қайта таңда десе, металлург болар едім.

Будақтаған түтін, лаулаған от, балқыған болат. Мұның барлығы – Берг әулетінің сүйікті көрінісі. Александр атаның екі ұлы Алексей мен Андрей де әкесіне қарап бой түзеген. Комбинатқа еңбегі сіңген олар әр жылдары үздік жұмысшы ретінде марапаттарға ие болған.  

Алексей Берг, металлургиялық комбинаттың цех басшысы:

- Зауытқа келген соң әкемізді ұятқа қалдырмауды ойладық. Елмен бірге еңбек етіп, жылдар бойына көп тәжірибе жинадық. Металлург бұл оңай мамандық емес. Қиындығына төзіп, білмегеніңді үйрене білсең ғана нағыз металлург боласың.

Андрей Берг, металлургиялық комбинаттың болат балқыту департаментінің директоры:

- Біз мамандықты өзіміз таңдадық. Әкеміз балқыту цехтарына емес, жұмысы жеңілірек сортты прокат цехтарына қарай барыңдар деген. Бірақ біз нағыз металлургтің жолын таңдадық. Бұл әкеден дарыған еңбекқорлық қасиетіміз болар.

Мәртебелі металлург мамандығына бек адал Берг отбасы сынды комбинатта қазір 300-ден астам еңбек әулеттері жұмыс істейді. Мұның өзі Теміртаудың нағыз өндірістік қала екенін білдіреді. Құрыш қаланың еңбекқор тұрғындары осылайша ел экономикасының өркендеуіне өз үлесін қосып жүр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар.