Еліміздің басым бөлігінде көктемгі су тасқыны қаупі жоғары

Әсіресе шығыс пен оңтүстіктегі таулы аймақтар және қары қалың солтүстік облыстар басты назарда.

Осыған байланысты қазірден бастап өңірлерде тасқын судың алдын алу мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды.

Еліміздің 10 өңіріндегі 200-ден астам ауылды су басу қауіпі бар. Синоптиктер наурыз айында мол жауын-шашын болады деп болжап отыр. Осыған байланысты елді мекендерде 114 шақырымдық уақытша бөгендер салынып, үйемелеу жұмыстары жүргізілді. Көлік пен темір жолдардағы суағарлар және 2 мың шақырымға жуық арық тазартылды.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Бірақ жыл сайынғы тәжірибе көрсеткендей, бұл жеткіліксіз. Соңғы 3 жылдағы статистикаға сәйкес, қабылданған алдын алу шараларына қарамастан, жыл сайын Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының елдімекендерін су басуда. Соңғы Жол картасы тек 58 пайызға іске асырылды. 92 іс-шара орындалмады. Кейде жекелеген жобаларды орындау үшін қаражат жеткіліксіз болды.

Елімізде мың жарымнан астам гидротехникалық құрылыс нысаны бар. Бірақ оның үштен бір бөлігінің тозығы жеткен. Демек, олардың барлығын жөндеу қажет.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Олардың көбі су тасқыны қаупі бар аймақтарда орналасқан. Олар, Қарағанды, ШҚО, БҚО, Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Абай, Жамбыл және Қостанай облыстары. Одан басқа, олар бұзылған жағдайда жергілікті құлақтандыру жүйелерінің болмауы адам шығынына әкеледі. Мұндай жағдай 2010 және 2014 жылдары Алматы және Қарағанды облыстарында орын алған.

Республикалық автожолдар бойынша су тасқыны қаупі бар 400-ге жуық учаске, шамамен 70 көпір және 650 су өткізу құбыры анықталды. Ахуалды бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта инертті материалдар дайын.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Еріген суларды қамтамасыз ету мақсатында ауа райы жағдайына байланысты су өткізгіш құбырларының саңылауларын ашу мен қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Автожолдарды реконструкциялау кезінде су тасқыны қаупі бар учаскелерде келесі жұмыстар атқарылып жатыр. Қосымша жасанды құрылыстар салынуда. Су өткізу құбырларын көбейтіп, диаметрлері ұлғайтылуда. Жер төсемінің биіктігі арттырылуда. Бұл шаралар көлік құралдарының қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді.

Су тасқыны қаупін азайту үшін тағы өзен мен көлдерде мұз жару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Топан судан қорғану мақсатында халықты қауіпсіз аумаққа уақытша орналастыру пункттері де дереу ұйымдастырылған.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Осы уақытқа дейін елдімекендерден 10 млн текше метрден астам қар шығарылды. Төтенше жағдай бола қалса, 39 мың маман, 11 мың техника, 400-ге жуық жүзу құралы, 18 тікұшақ және 3 мыңнан астам мотопомпа сақадай сай. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов