Көнені жаңғыртқан шебер

Жезқазғандық қолөнер шебері Жошы ұлысының 800 жылдығына орай өзіндік жоба ойластырған.

Ерғазы Исатаев Болған ана кесенесінен табылған көне тостаған және сырға мен түйреуіштің көшірмесін жасап, жергілікті музейге табыстады.

Болған ана тарихта Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның қызы деп айтылады. Қолөнерші жәдігерлердің дәлме-дәл көшірмесін 1 ай шамасында жасап шыққан. Ал оған шикізат ретінде тек Жезқазғанның таза мысын қолданған.

Көне жәдігерлердің көшірмесін жасау оңай шаруа емес. Оның көлемі мен сыртқы пішіні өз алдына, ең бастысы – сол жәдігерлерге ойып қашалған әр өрнектің мәнін ажырату маңызды. Мысалы, Болған ана кесенесінен табылған тостағанның іші-сырты түрлі ою мен бейнеге толы.

Ерғазы Исатаев, қолөнер шебері:

- Мынау енді Болған ананың ыдысы ғой қолданған. Мына жерде қызғалдақ гүлдің бейнесі тұр. қызғалдақ гүл дегеніміз сол кезде әйел адамды гүлге теңеген ғой. Сосын мына жерде тұқым. Тұқымды не үшін салған?! Тұқымды бұл әйел адам ұрпақ таратушы деген.

Көне заттарды қалпына келтіру – шебердің екінші қыры. Бала жасынан ұсталыққа жақын азамат зергерлікпен де айналысады. Оның қолынан шыққан батырдың сауыт-сайманы, ат әбзелдері мен әшекей бұйымдар жергілікті музейдің төрінде тұр. Түпнұсқаға бергісіз көшірме туындыларының саны да 100 ден асады. «Олардың шынайы шығуы менің шеберлігімнен бұрын, оны жасау технологиясы мен қолданатын құрал-сайманға байланысты»,- дейді.

Ерғазы Исатаев, қолөнер шебері:

- Көне замандағы аталарымыз қолданған құралдарымен айналысам. Сонымен қалыптасып қалғам. Кезінде аталарымыз бәрін жасап кетті деген ойдамын. Технологияны, техниканы бәрін солар игерген. Соны біз қайталап жатырмыз. Кезіндегі өрнектердің өзін әлі күнге дейін қайталап жатырмыз.

Жезқазған музейінде 50 мыңнан астам экспонат бар. Бірақ, Алтын Орда дәуіріне тиесілі жәдігерлер саны көп емес. «Сондықтан, Ерғазы Исатаев жасаған көшірмелер біз үшін үлкен олжа болды», - дейді мұражай ұжымы.

Зағира Калменова, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің директоры:

- Алтын орда дәуіріне қатысты біздің музейде көп емес, бірақ біраз жәдігерлер бар. Бұл көшірмелер біздің тарихты бейнелейтін болғандықтан біздің музей үшін өте құнды.

Өңірде Алтын орда дәуіріне тән 10-нан астам тарихи ескерткіш бар. Олардың дені терең зерттеуді қажет етеді. Музей қызметкерлері Ұлық Ұлыстың 800 жылдығына орай сол жұмыстарды ширатпақ. Ал Ерғазы Исатаев мерейтой қарсаңында тағы бір істі қолға алды. Қазір ол Алтын Орда дәуірінен жеткен ескі монеталарды қайта қалпына келтіріп жатыр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева