Атырау қаласындағы жолдардың 25 проценті тозып тұр

«Жолды күтіп-ұстау жұмыстарының толық жүргізілмеуі жолдың бүлінуіне әкеледі», - дейді мамандар.

Қар ерігеннен кейінгі жағдай тіпті мәз емес. Жауаптылар жолдарды қалпына келтіру үшін бюджеттен 272 млн теңге қаражат бөлген. Бірақ оның өзі аздық етіп отыр.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Күніне мыңдаған көлік жүретін мына айналма жолдың салынғанына 30 жылға жуықтады. Бірақ содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Жыл сайын жамап-жасқағанымен ешқандай пайда жоқ. Жаңбыр мен қар суынан кейін қайта бүлінеді.

Қаладағы жолдардың дені осындай. Орталық көшелерден де күй қашқан. Жыл сайын жөнделетін жолдың сапасына жүргізушілер наразы.

Блиц:

- Бүкіл жолдар шұрық тесік болып жатыр. Қаланың қай жеріне барсаңыздар да. Жолдың арығына су да кетпейді. Салынған жолдар ходовойымызды қоймайды. Қашатын жер жоқ кейбір жерлерінде. Амал жоқ, дөңгелекті ортаға салып жүресің.

- Сөздің шыны керек қаланың ішінде жүру мүмкін емес болып кетті. Мәшиненің дөңгелегінен дөңгелек қалмайды. Ходовой сынып, бір қыстың өзінде 2 рет көлік жөндеген шығармыз, 2-3 рет.

«Жолдардың бұлай бүлінуі күтіп-ұстау жұмыстарының жүргізілмеуінен болады» дейді жол сапасын тексеретін мекеме. Былтыр жауапты мамандар 169 тексеріс жүргізіп, бірнеше қателікті анықтаған. Мердігер мекемелер олқылықтың орнын толтыратын болыпты.

Дәурен Кенжешов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалының зертхана меңгерушісі:

- Жалпы жол жабындысы бірінші жарық пайда болады. Ол жарыққа уақытында шайыр құйылмағандықтан кейін ойыққа айналады. Сөйтіп жол бүлінеді. Сол себепті қаланың ішінде күтіп-ұстау жұмыстары толыққанды жүргізілмейді. Басты себептерінің бірі сол. Қар тазалау уақытында жүргізілмейді. Қар еріген соң су асфальтқа сіңеді. Сол себепті ойық пайда болады.

«Қазір қалаішілік жолдардың ұзындығы 1635 шақырым. Оның 25 проценті тозып тұр. Жергілікті әкімдік биыл 55 шақырым жол салып, 20 шақырым жолды қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр. Ал бүлінген жолдарды қалпына келтіру үшін бюджеттен 272 млн теңге бөлінген. Бірақ әлі 750 млн теңге қаражат керек», - дейді жауаптылар.

Алмас Сәрсенов, Қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

- Қар еріп көптеген ойыстар пайда болып жатыр. Бұл ұзақ мерзімді күрделі жөндеуді қажет етіп отырған жолдар. Бұл жолдарға ағымдағы жылы ағымдық жөндеуге 272 млн 300 мың теңге бөлініп, ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Жалпы қала шеңберінде бүгінгі күні санағанда 75 мың шаршы метр ағымдық жөндеу жүргізетін ойыстар анықталып отыр.

Қаладағы көпірлердің де жағдайы мәз емес. Жыл өткен сайын тозып барады. Мысалы орталық көпірге күрделі жөндеу соңғы рет 20 жыл бұрын жүргізілген. Тұрғындар қалашығы мен Авангард ықшамауданын жалғайтын көпір де шұрық тесік. Жылда жамағанымен жүргізушілер қайырын көрмей келеді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин