Елордадағы апатты деп танылған мектеп сүріледі

Елордадағы номері 15 мектеп-лицей апатты деп танылып, сүрілетін болды.

Білім ошағының тозығы жеткені техникалық тексеру кезінде анықталды. Бұл туралы қалалық білім беру басқармасының өкілдері айтты. Апта басында жарияланған хабарды ұстаздар қауымы мен ата-аналар әр түрлі қабылдады. Дегенмен, оқу бағдарламасы кестеден ауытқымайды.

880 орынға арналған лицей қабырғасында екі ауысыммен 1700-ден астам оқушы білім алады. «Бүгін - балалардың бұл мектептегі соңғы күні. Келесі аптадан бастап, ұстаздарымен бірге басқа білім ошақтарына көшіріледі. Олай болмағанда мына жерде қалу қауіпті. Нысанның тозығы 68 пайызға жеткен», - дейді мамандар.

Нариман Еламанов, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі күні мың бала орны бос бір мектепке барады. 709 бала басқа мектепке екінші ауысымға барады. Жаз кезінде біздер негізінде олар қарады. Бірақ инструменталды қорытынды көп уақыт алады. Бізде өйткені әр нәрсе мемлекеттік сатып алу арқылы жүргеннен кейін біраз уақыт алады. Қазіргі күні ақпан айының басында шыққан қорытынды бойынша біз шешім қабылдадық.

Балаларды жаңа мектептеріне қысы-жазы тасымалдау міндетін қалалық білім басқармасы өз мойнына алады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Мектептің салынғанына жарты ғасырдан артық уақыт болған. Бір қарағанда жағдайы тым жақсы. Бірақ аңғарып қарасаңыз, мынадай бітелген саңылауларды байқауға болады. Қызметкерлерінің айтуынша, білім ордасының іргесі сөгілген, қатты жауында төбесінен су ағады. Өкініштісі, мектептің 60 жылдық мерейтойын тойлау бұйырмайын деп тұр, дейді ұстаздар қауымы.

Бірінші сыныптан бері білім алып келген оқушылар мен олардың ата-аналары осынау жайлы мектепті қимайтынын жасырмайды. Бірақ балалар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі маңызды.

Айым Сыздықова, 6 сынып оқушысы:

- Мен осы мектепте бірінші сыныптан бері оқимын. Осы мектепте менде көп естелік қалды. Біз жаңа ғимаратқа көшкенге қарсы емеспіз. Өйткені мұғалімдермен бірге барамыз. Сондықтан бүкілі бір-бірімізге таныс болып қаламыз.

Жанар Сыздықова, Айымның анасы:

- Жиналыс өткізілді, білім беру басқармасымен, мектеп әкімшілігімен бірге жұмыс істеп, оқушыларға да, ата-аналарға да түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Апатты жағдайда екенін түсіндірді. Балаларымыздың қауіпсіздігі үшін ешқандай қарсылығымыз жоқ. Сарыарқа даңғылы, 20 мекенжайында орналасқан «Зерде» мектебіне көшуге дайынбыз.

Әкімдік өкілдерінің сөзіне сүйенсек, орта және жоғары сынып оқушылары номері 9-шы «Зерде» мектебінің бұрынғы ғимаратына барады. Бастауыш сыныптар 56 мектеп-лицейге жайғасады.

Роман Байғазиев, №56 мектеп-лицейдің директоры:

- Бұл ақпаратты бізге қалалық білім басқармасы 19 ақпанда, дүйсенбі күні жеке өзіме ескертілді. Мектебіме 15-мектептің бастауыш сыныптары келеді деп айтылды. 1-4 сыныптың 709 оқушысы екінші ауысымға келеді. Жүктеме көп өзгермейді. Себебі менің мектебімде қазіргі таңда бірінші ауысымда 1469 бала оқиды. Екінші ауысымда бастауыштың 2-3 сыныптары 250-дей бала оқиды.

Директор лицейінде оқитын оқушылардың ата-аналарына да шұғыл жиналыс өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Айта кеткен жөн, былтыр елордада 12 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ал биыл 25 білім ошағын салу көзделген. Оның ішінде 15-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына еніп отыр. Апатты деп танылған 19-мектеп жартылай сүріліп, 2026 жылға дейін қайта жаңғыртылады. Өткен жылы бас шаһардағы білім ордаларын жөндеу жұмыстарына 360 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мерей Талап