Түркістан облысында көпірдің қоршауы құлап түсті

Түркістан облысында теміржол туннелінің құлауы бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Полиция департаментінің мәліметінше, «Қазақстан темір жолы» компаниясы жауапкершілікке тартылды. Енді мекеме «жолдарда жұмыс жүргізу, жолдарды күтіп ұстау, теміржол өткелдері және басқа да жол құрылыстары бойынша талаптарды орындамау» бабы бойынша айыппұл төлеуі тиіс. Бұған «Қызылсай-Манкент» арасындағы теміржол көпірі қоршауының опырылып, жолдың көлік жүретін бөлігіне құлағаны себеп болды.

Теміржол өткелі Шымкент пен Сайрам ауданын бөліп тұр және автокөлік нөпірі көп жолдардың біріне жатады. Жүргізушілер болса пойыздың өтіп кеткенін күтуге мәжбүр.

Теміржол көпірінің бір бөлігі аяқ асты құлаған. Кейінірек темір қоршаудың көлік жүретін жолға құлағаны белгілі болды. Абырой болғанда туннельде көлік болмаған. Бірақ куәгерлердің кәдімгідей қорқып қалғаны аңғарылады.

Дәуір Өмірзақ, жүргізуші:

- Баяғыда салынған көпір ғой енді. Мына жерлерден үлкен көліктер, жеңіл машиналар жүреді. Бұл жерде қозғалыс көп. Қалаға келеді, шығады. Кешегі жағдайға байланысты адам болмағаны, машина болмағаны жақсы болды.

Аталған теміржол өткелі «Қазақстан темір жолы» компаниясының меншігінде. Жауапты мекеме қоршау бекітілген ауыр баннерді көтере алмай құлағанын мәлімдеді. Мамандардың айтуынша пойыздар мен автокөліктерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Назар Шамшиденов, Жол және құрылыс филиалы департаментінің бас менеджері:

- Орын алған жағдайлар теміржол қозғалысына әсер еткен жоқ. Поездар қауіпсіздігіне қауіп төнбейді. Жолдардағы поездар қозғалысы тоқтаған жоқ. Жиырма минуттан кейін келген көпір бригадасы автожолдың көлік жүретін бөлігін қоршау сынықтарынан тазартты. Қазіргі уақытта құрылым жиектерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Көлік жүргізушілері тарапынан жолдың дәл осы бөлігіне шағым көп түседі екен. Тар болған соң қолайсыздық туындайды. Әкімдік үш жыл бұрын жолды кеңейту жайында сөз қозғапты. Бірақ нақты шешім жоқ. Бүгінгі күні тек жобалау-сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде.

Баймұрза Бейсембаев, Сайрам ауданы жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің жетекшісі:

- Ол жердің өту қабілеті өте қысқа жаңағы кішкентай орналасқан. Сол себептен кептеліс болады. Енді, бүгінгі таңда оны жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленгеннен кейін ол жерде екі жаңағы темір жол өткелін салу жоспарланып жатыр.

Түркістан облысының полициясы аталған жәйтке қатысты әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады. Компания айыппұл төлеуге міндетті. Сонымен қатар бір апта ішінде ақауды толық жоюы тиіс. Олай болмаған жағдайда материал сотқа жолданады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Катерина Попкова, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов