Ұлттық брендті ұлықтау жолы

Қазақстанда 5 географиялық нұсқама тіркелген.

Оның төртеуі ұлттық, біреуі шетелдік. Олар Түркістан балмұздағы мен шоколады және Алматы апорты мен Қарағанды балмұздағы. Географиялық нұсқама дегеннің өзі – белгілі бір өңірге тән, тек сол аймақта ғана өндірілетін өнім түрі. Бұл жөнінде Түркістанда өткен халықаралық семинарда айтылды. Іс-шара аясында өңірдегі тауар өндірушілерді қолдап, олардың шығарып жатқан өнімдерін ұлттық және халықаралық деңгейде тіркеу мәселесі талқыланды. Мамандар жыл сайын әлемде 11 мыңнан астам тауар таңбасы тіркеліп, 10 мыңға жуық авторлық құқық куәлігі берілетінін және 900-ге жуық түрлі өнертабыс патенттелетінін айтады. Былтыр елде "Адай жылқысы" брендтін растайтын куәлік табыс етілді. 

Айдын Артықова, Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары:

- Өзіміздің бауырсақ, қуырдағымыз бар, солардың бәрін бірінші өзімізде тіркеп, одан кейін дүниежүзіне паш етсек. Қазақтың алмасы, Түркістанның мақтасы, Қызылорданың күріші, Алматының балы деген сияқты, аграрлық және органикалық таза өнімдерімізді экспорттауға көмектесуге септігіміз тисе жақсы болатын еді. 

Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:

- Жалғыз Түркістан облысының өзінде де көптеген мүмкіндіктері бар жаңа өнім шығаруға. Мысалы, Түркістан балмұздағы сияқты өнімді сапасы, ерекшелігі, дәмі егер сертификатталатын болса, шетелге шығаруға мүмкіндіктері бар. Басқа да Түркістан қауыны деп, сондай жаңа брендттер кәсіпкерлердің өз қолында тұрған нәрсе. Құқықтық қорғап, сосын оны экспортауға әбден мүмкін болады.