Қарағанды облысы су тасқынына дайындықты пысықтады

Біздің елде қамданып жатыр. Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті 150 елді мекенді бақылауға алды.

Өңірдегі Нұра, Шерубайнұра өзендері мен гидротехникалық қондырғының төменгі жағында орналасқан ауылдар үшін көктемгі тасқынның қатері зор. Ғарыштық мониторниг мәліметіне сүйенсек, өңірдің барлық алқабында қар қалыңдығы 5-20 см шамасында. Осыны ескерген төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері ауылдарды қардан тазартып, су ағатын арықтарды аршуға күш жұмылдырған. Кейінгі жылдары Қарағанды қаласының өзі тасқын судың құрсауында қалып келеді. Облыс орталығында 2 мың метр жаңа суағар салынып, бұрынғылары қалпына келтірілді. Сондай-ақ 2021 жылы Қарағанды облысында көктемгі тасқыннан қорғануға арналған 3 жылдық Жол Картасы жасақталған еді. Арқа өңірінде қар сәуір айының басында күрт ериді деген болжам бар.

Ақылбек Ахметжанов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Жол картасымен 23 үлкен іс-шара белгіленген болатын. Соның 21-і аяқталды. 2 іс-шара осы жылы жалғасын табады. Және сонымен қатар облыста инженерлік жоспар бойынша тағы да көптеген іс-шаралар орындалды Сондықтан ол жұмыстар әлі де жалғасын тауып жатыр. Бүгінгі мәлімет бойынша 1 млн 800 мың текше метр қар шығарылды.