Қостанай облысындағы қауіпті көмбе қалпына келтіріледі

Қостанай облысының Жітіқара қаласында өндіріс қалдықтары көмілген аумақта жүргізілген мониторинг қорытындысы жарияланды.

Алтын өндірісінен қалған улы заттар көмбесінің топырақ қабаты шайылып, ашық жыралар пайда болған. Осы жәйт жергілікті жұртты алаңдатып отыр. Олар ауа, судың ластана бастағандығын байқаған. Экологиялық сараптама да тұрғындардың күдігін растады. Бір жыл бойы жүргізілген  тексеріс қорытындысы су, топырақ құрамында сынап пен мышьяктың үлесі тиісті нормадан артық екендігі анықталды. Мамандардың айтуынша, қауіпті көмбеге жақын үйлер маңы мұқият зерттелген. Жүзден астам топырақ сынамасы алынған. Жер асты суын тексеру үшін жеті ұңғыма қазылыпты. Енді сол мониторинг негізінде көмбенің қорғаныс қабатын қайтадан дұрыстап, бекіту туралы шешім қабылданды.

Светлана Арсентьева, Қостанай облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Улы заттар көмбесін қалпына келтіру жобасын дайындауға жергілікті бюджеттен 10 миллион тенге бөлінді. Топырақ құрамында мышьяк, сынап, қорғасын, мыс, никель сияқты ауыр металдың  көптігі байқалды. Әсіресе жүз метр шеңбер аумағында олардың үлесі тым басым. Аудандық әкімдік өкілдері таяу орналасқан үй тұрғындарына қалыптасқан жағдайды түсіндіріп, ескертіп шықты.