Ақтөбеде «Көрісу керуені» жолға шықты

Жаңа жылдың жаршылары жолға шықты.

Ақтөбеліктер "Көрісу керуені" үй-үйді аралап, ұмыт қалған дәстүрді қайта жаңғыртып жүр. Көшпенділердің ежелгі дәуірден атап өтетін Амал мерекесі еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Өскелең ұрпаққа қауышу күнінің ерекшелігі мен мән-мағынасын жеткізіп, мерекені қалың бұқараға насихаттауды, аға буын өкілдері борыш санайды.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Біздің ауылда бұл мейрам «Амал» деп аталады. «Амал келді - Жыл келді!» деп жасы кішісі елең-алаңнан үлкен адамдарға сәлем береді. «Бір жасың құтты болсын!» деген тілек айтылады. Бұл үрдісті бүгін көрісу керуенінде бас қосқандар жалғастырып отыр. Ертемен «Алтын Орда» ауданынан облыс орталығы маңындағы ауылдарға бет алған ел ағаларымен сұхбаттасқан едік.

Камалхан Қуан, зейнеткер:

-Мынау қыстан жануарлар оянып, тірілетін күн бүгін. Бүгін көрісетін күн. Кішкентай бала күнімізден бастап үлкен кісілерге барып сәлем беруді ұмытқан емеспіз. Егер ол алыста тұрса да олар күтеді. Қашан осы Қуанның баласы Камалхан қашан келер екен маған, сәлем берер екен деп. Мән барып соған сәлем беремін. Үлкен кісілерге сәлем беру жастардың міндеті.

Бұл қытымыр қыс бойы бір-біріне жете алмаған ағайынның жер аяғы кеңіп, сағына жүздескенде құшақ жая амандасу жоралғысы. Амал күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық артта қалады.

Көрісу керуені міне Құршасай ауылына да жетті. Жалпы бүгін Ақтөбеде 4 керуен жолға шыққан Бірі облыс орталығы іргесіндегі ауыл ақсақалдарына сәлем беруге аттанса, басқалары шаһардағы сауда үйлері мен теміржол вокзалы, әуежай сияқты халықтың көп жиналатын орындарына бас сұғады. Ал Амал мерекесінің басты салтанаты бүгін кешкілік орталық алаңда өтіп, Наурыз мейрамы ресми бастау алады. Себебі Көрісу салты қазақта бір күнмен шектелмей, наурыз бойы жалғасады.