Абай облысындағы шалғай ауылға интернет жетті

Абай облысындағы киелі Қоңыр әулие үңгіріне жақын жатқан Тоқтамыс ауылы интернетке қосылды.

"Енді туристер қатары артуы мүмкін", - дейді мамандар. Жеті жүзге тарта тұрғыны бар елдімекенге 4G интернет желісі қойылды. Жыл соңына дейін Абай ауданындағы екі ауылға антенналық бағаналы құрылғы орнатылады. Бүгінде өңірдегі 330 елді мекеннің 90-ға жуығында интернет жоқ. Түйткілді мәселені шешу үшін аймақта жол картасы бағдарламасы әзірленген.

Аяла Айдынғалиқызы, оқушы:

- Ауылда интернет болмағандықтан біз көбіне мектепке келетінбіз. Мектепте Wi-Fi және де өте аз кісіге ұстайтын. Оның өзінде толып кетсек, қатып істеп жататын. Сондықтан бізге сабақ жағынан да негізі ақпарат алу өте қиын болатын. Әрине, кітапханаға келіп іздеп жату болмай қалуы мүмкін. Сондықтан да біз интернеттің арқасында көптеген мүмкіндіктерге ие болдық. Және де алыстағы туысқандарымызды видеодан көре алатын болып жатырмыз қазіргі таңда.

Жандос Сайлаубеков, Абай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бұл ауылдың маңында Қоңыр әулие үңгірі орналасқан. Ол үңгірге басқа облыстардан, тіпті шет елдерден қонақтар келіп ем алып жатады. Интернеттің қосылуы ол жердегі туризмнің дамуына да өзінің үлесін қосатыны сөзсіз. 2023 жылы ауданымызда Медеу және Саржал ауылдары интернетпен қамтылған. Бүгінгі күні, міне 2024 жылы Тоқтамыс ауылы интернет желісімен қамтылып отыр.