Астана жұрты Наурыз тойлап жатыр. LIVE

Биыл елорда тұрғындары мен қонақтары Наурызды жаңа форматта тойлап жатыр.

Ұлық мереке аясында 200-ге жуық іс-шара жоспарланған. Қаланың әр бөлігінде концерттік бағдарлама мен ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Ұлттық салт-дәстүр мен қолөнершілер жәрмеңкесі де жұрт назарына ұсынылды.

Асантемір Қаршығаұлы, тілші:

- Бүгін – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі. Бұл күнді бабаларымыз «жаңа күн» деген. Яғни, бұл күні тоң жібіп, Жер-Ана беті жаңарып, жасарып,  маңайға жан бітеді. Наурыз мерекесінің биылғы ерекшелігі 10 күн тойланғандығында. Астана тұрғындары өз аспанының астында, өз жерінің үстінде көңілді тойлап жатыр.

Қарап тұрсақ мерекеге жиналған халықтың қарасы көп. Ақшаңқан киіз үйлер тігілген. Айнала жайнаған, қазаны қайнаған. Дәстүр дәріптеліп, әдет-ғұрып әдіптеліп жатыр.

EXPO алаңында кешеден бері жәрмеңке ұйымдастырыл, көшпелі халықтың салт-дәстүрі таныстырылды. Елорда қонақтары мен тұрғындары үшін арнайы киіз үй құрылған. Сондай-ақ жәрмеңкеде қазақстандық дизайнерлер, суретші, жазушылар өз шығармашылықтарын таныстырды.