Каспий жағасында мерекелік көш өтіп жатыр. LIVE

Әз-Наурыз Ақтауда әдеттегідей Каспий жағасында тойланып жатыр.

Дала сахнасы алдына киіз үйлер тігіліп, таңнан бері мерекелік шаралар жалғасты. Сол жермен сәні мен салтанаты жарасқан көш жүріп өтті.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Армысыздар, бір жасыңызбен! Жыл басы жақсылығымен, ырыс-құтымен келсін. Иә, маңғаз Маңғыстау жұрты Ұлыстың ұлы күні қазақы дәстүрді қайта жаңғыртып, «Науша-Наурыз-Бақ, ырыстың бастауы» атты мерекелік көшке белсене қатысты. Көшті жылқы, түйеге мінген ақсақалдар, ел ағалары бастап жүрді.

Олардың ізін басқан, бүгінде көкпар, күрес, ат бәйге, садақ тарту секілді ұлттық спорттан өлке мақтанышына айналған азаматтарды көрермен зор қошеметпен қарсы алды. Одан соң ақ жаулықты аналар, келіндер, жастар мен студенттер, ынтымағы жарасқан өзге ұлт өкілдері және дәулескер күйші-термешілер бастаған өнерпаздар легі сән-салтанаты жарасқан шараны түйіндеді.

Жалпы Маңғыстау халқының әз-Наурызды 14 наурыз «Амал» мейрамынан бастап тойлайтын дәстүрі бар. Өткен аптадан облыс көлемінде ұлттық спорт сайыстары мен концерттік бағдарламалар өтіп жатыр. Аймақ халқы сенбілікке қатысып, көшелерге тал көшеттерін екті. Біз тұрған дала сахнасы алаңында сәлден соң «Сән құрақ Fest» өнер фестивалі, маңғыстаулық суретшілер мен қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Кешкі сағат 10-да Ұлыстың ұлы күніне орай жағалауда мерекелік отшашу болады.