Бүгін халықаралық нефролог дәрігерлер күні

Нефрология бүйрек ауруларын зерттейтін ғылым саласы.

Қазір артып келе жатқан бүйрек ауруларының алдын алу қиындап барады.

Оның ішіндегі ең маңыздысы - бүйрек трансплантациясы. Бұл науқасқа екінші өмір сыйлағанымен, елде донор тапшылығы қолбайлау болып тұр.

Астаналық Бәтен Әбішева 2 жыл бойы диалез аппаратымен өмір сүріп келеді. Аптасына 3 рет 4 сағаттан ем алады. Ол болмаса қан қысымы көтеріліп, өкпесіне су толып кетеді.

Бәтен Әбішева, ем алушы:

- Бұрын осында жатпай тұрғанда қан қысымым 200-ден асып 300-ге кеткен кезде мен қаладан іздейтінмін клиникалардан қанды тазартатын жерді, содан кейін осында түскеннен кейін нарушение болмайды. Міндетті түрде келуім керек. Өйткені қан қысымым көтеріліп кетсе, дем ала алмай қаламын. Өкпеме су толып кетеді.

Түрлі себептермен бүйрек өз қызметін атқара алмағанда науқастар гемодиалезге жүгінеді. Ол ағзадан артық сұйықтықты және қанда жиналған қалдық өнімдерді шығарады. Диалезбен адамдар қалыпты өмір сүре береді. Алайда ерекше күтім қажет. 

Ғани Оразбаев, гемокоррекция бөлімшесінің меңгерушісі:

- Қазір диалездегі науқастардың жас ерекшелігі әртүрлі болып келеді. Ол жас талғамайды деп айтса болады. Диалезден қалай шығып кетеміз деген сұрақ бар ғой. Енді ол трансплантация жасау керек. Органдық трансплантация бүйрек трансплантациясы деп аталады. Содан кейін диалезден шығып кетуге болады.

Ал Абылайхан Сапарымбетов 7 ай диалезден кейін, бүйрегін ауыстырды. Інісінің бүйрегі ағасына сәйкес келіп, трансплантацияланды. Қазір жағдайы қалыпты.

Абылайхан Сапарымбетов, ем алушы:

- 7 айдай жүрдім осы бүйрек ауырып. Диалезде жүрдім. Осы айдың басында осы больницаға келдім. Трансплантацияға. Бауырым өз бүйрегін беруге рұқсатын берді. Қазір Құдайға шүкір бүйрек ауыстырылды. Жағдайым жақсы.

Бүйрек – өзі жайлы сыр білдірмейтін шыдамды ағза. Алайда, дертке бір іліксе, өмір бойы тек аппаратқа тәуелді болуыңыз мүмкін. Ал науқастардың көбі ауру асқынған кезде жүгінеді дейді дәрігер. Ал оның алдын алу үшін білікті мамандар қажет. 

Ғани Оразбаев, гемокоррекция бөлімшесінің меңгерушісі:

- Қазір жылдан жылға бұл патология өте  көбейіп келе жатыр. Өкінішке орай емханаларда нефролог дәрігерлер аз. Шыны керек.

Дәрігерлердің айтуынша бүйрек ауруы бұл күнде жас талғамайды. Статистика бойынша елде дәл осы бүйрек трансплантациясына 3500 адам мұқтаж. Жылына соның 200-дейіне трансплантация жасалады. Ал бүйрек ауруынан жылына 300-ден жоғары адам қайтыс болады.

Авторлары: Зарина Кәп, Наурызбай Құрманғазы