Қазақстандықтар құмар ойындарға қатысуға онлайн түрде шектеу қоя алады

Қазақстандықтар өз-өздеріне құмар ойындарға қатысу мен бәс тігуге шектеу қоя алады.

Оған өтінішті, енді eGov мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде беруге болады. Осылайша азамат, 6 айдан 1 жылға дейін шектеу орнатып, кез келген букмекерлік кеңсе мен онлайн казинода ойнау құқығынан уақытша айырылады.

Айта кету керек, тиісті өтінішті, әр тұлға өз атынан беруі тиіс. Яғни, туысқандары немесе достары шектеу қоя алмайды.

Қауіпті кеселге айналған – лудоманиядан құтылудың жолдарын іздеп жүргендердің қатары 300 мыңнан асады. Ал кей деректер 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті дейді. Бір сөзбен айтқанда тұтас бір қаланың халқы. Жастардың санасын улаған бұл дерттен арылу үшін Мемлекет басшысы кешенді жоспар әзірлеп, заң жүзінде күресуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады.

Осы лудоманияның кесірінен елде талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады.

Бәс тігуді 5 жыл бойы ермегіне айналдырғандардың бірі Әмір. Құмар ойынның қызығына құнныққан ол ақыры 63 млн теңге қарызға белшеден батқан. Ол кезде Әмір 19-ға енді аяқ басқан еді. Қазір ол осы лудоманиядан емделу үшін оңалту орталығында арнайы курстардан өтіп жатыр.

Ақтөбе, Әмір:

- Мен реабилитационный орталыққа екінші рет келіп отырмын. Ең бірінші рет ата-анам алып келді. Өз еркіммен келгім келмеді. Өйткені өзімнің құмар ойыншы екенімді сезген жоқ, қабылдаған жоқпын. Өйткені барлық интерес енді ғана басталып жатқан, енді ғана ақша көтеріп жатқан кезде мені осы орталыққа тықты. Мен қабылдаған жоқпын өзімнің тәуелді екенімді. Шыққаннан кейін тығылып ойнай бастадым. Солай менде 2-3 жыл тығылып ойнайдым. Соңында 60-63 млн қарызға кірген кезде шығатын жер болмағаннан кейін өзім келіп, көмек сұрадым.

Енді құмар ойынға әуестер бәс тігуге өздеріне шектеуді онлайн қоя алады. Бұрын бұл қызмет қағаз жүзінде іске асырылып келген және ол 8 күн ішінде қаралып, машақаты көп болатын. Бұны ескерген жауапты ведомстволар үрдісті барынша оңтайландырған.

Айнұр Юсупова, ҚР ЦДИАӨМ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті төрағасының орынбасары:

- Ол сервис егов мобильді қосымшасында, әр адам өз еркімен құмар ойындар мен бәс тігуге өзіне шектеу қоя алады. Яғни, егов мобайлға кіресіз өзіңіздің уақытыңызды таңдайсыз, яғни, 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімді өзіңіз көрсетесіз. Сол мерзімге сіз шектеу қоя аласыз. Шектеуді мерзімінен бұрын алып тастай алмайды. Бірақ шектеудің уақыты жетпей жаңартуға құқығыңыз бар.

Шектеу қойылғаннан кейін азамат белгілі бір мерзім ішінде ресми букмекерлік кеңселер мен онлайн казиноларда бәс тігу құқығынан айырылады. Яғни, оның қойған ақшасы қабылданбайды. Ал оның шектеу қойылған тізімде бар-жоғы жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы тексеріледі. Айта кету керек, былтыр құзырлы органдар интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттаған.

Авторлары: Риат Шони, Мансұр Есқожин, Ғалымжан Абдылахат және Айнадин Молдабеков