Миялы ауылында қарғын судың қарқыны бәсеңдеді

Атырау облысы Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылында қарғын судың қарқыны бәсеңдеді.

Десе де мамандар қауіптің сейілмегенін айтады. Кеше эвакуацияланған тұрғындар қазір үйіне қайтып жатыр. Жылыой ауданындағы жағдай да қалыпты. «Жем өзеніне су мол келгенімен, өз арнасымен ағып жатыр», - дейді жауаптылар.

Қызылқоға ауданында кеше төтенше жағдай жарияланып, Миялы ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген еді. Ниет білдіргендерді тегін автобустар облыс орталығына тасымалдады. «Қазір Миялы ауылындағы жағдай қалыпқа келді»,- дейді жауаптылар. Су деңгейі төмендеген. Дегенмен қауіп сейілген жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен ауыл тұрғындары жұмылып, әлі де бөгет соғуда. Жергілікті кәсіпкерлер жұмысшылардың ас-суын дайындап, қол ұшын созып жатыр.

Алтынзер Баймұратова, кәсіпкер:

- Кәсіпкер қыздарымыз өздерінің бір-бір объектісі болса да, сол объектісін жауып тастап, осы халықпен бірге болып, оларға күні-түні, үш мезгіл ыстық тамақтары мен жылы лебіздерін арнап, солармен бірге жүр.

Гүлмира Елеуғалиқызы, кәсіпкер:

- Осы судан аман алып қалайық деген оймен күндіз түні ұйықтамай, осы судың жағасында бар қолыыздан келген қызметімізді жасап жатқан жайымыз бар.

Қызылқоға ауданындағы Сағыз өзені де өз арнасымен ағып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары «жағдай тұрақты», - дейді. Жылыой ауданындағы Жем өзеніне де қазір су мол келіп жатыр. Жауаптылар дайындықты күшейтіп, қауіпті аумақтарда күндіз-түні кезекшілікпен жұмыс істеуде.

Қобылан Кенжебеков, Жылыой аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы:

- Су тасқыны кезеңіне дайындық өткен жылдың қыркүйек айында басталып, күні бүгінге дейін жалғаусуда. Су айдындарындағы гидротехникалық құрылыстар аумағына тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды. Биылғы су ағынының көлемі 364 млн текше метр деп болжанып отыр.

Арқаны кеңге салуға әлі ерте. Қауіп сейілген жоқ. Облыстық штаб жағдайды үнемі бақылауда ұстап отыр. Жалпы биылғы су тасқынының алдын алуға 2,4 млрд теңге бөлінген.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин