Тасқыннан қоймадағы азық-түлік бүлінген жоқ

Тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік тауарлары су тасқынынан бүлінген жоқ. Бұл жөнінде бүгін вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жедел кеңесте айтылды.

Жиынға тасқын судан зардап шеккен өңірлердің әкімдіктері, Агроөнеркәсіп кешені секторының қаржы институттары, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен салалық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазіргі деректері бойынша зардап шеккен Ақтөбе, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Абай облыстарындағы тұрақтандыру қорларында бүгінде 63,4 мың тонна азық-түлік бар. Мұндағы барлық өнім құрғақ жерде сақталады және тасқын судан зақым келген жоқ. Ал өзге аймақтарда шамамен 110 мың тонна азық-түлік қоры бар екен. Қажет болған жағдайда бұл өнімдер зардап шеккен өңірлерге жедел жөнелтілуі мүмкін. Кеңесте вице-премьер Серік Жұманғарин дүкендер мен сауда орындарының жұмысын барынша тез қалпына келтіру қажеттігін айтты. Сондай-ақ төрт түлікті жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелерін жылдам және бюрократиясыз пысықтауды тапсырды.