Ақмола облысында жүздеген үйді су басу қаупі бар. LIVE

Ақмола облысындағы Жабай өзенінің суы көтеріле бастады.

Жергілікті билік дабыл қағып жатыр. Өзен маңындағы 200-ге жуық үйді су басу қаупі бар. Дәл қазір Атбасардан әріптесім Абзал Балтабаев тікелей байланысқа шығуға дайын.

Абзал Балтабаев, тілші:

- Иә, Жабай өзеніндегі қазіргі жағдай қалыпты. Әзірге байқап тұрғандарыңыздай, бұл жақтағы қар қатты ери қоймаған. Десе де жергілікті билік өкілдері қауіптеніп отыр. Себебі биыл мұнда жылдағы мөлшерден екі есе көп қар жауған. Осы уақытқа дейін 140 мың текше метр қар шығарылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Жалпы Жабай өзені сәуір айының орта кезінде қозғалады. Сондықтан аймақтағы барлық күш қазір Атбасарға жұмылдырылған. Тіпті Жамбыл облысынан келген 57 құтқарушы да Көкшетаудағы жағдай тұрақталған соң, бірден осында келді. Одан бөлек, облыстан 30-ға жуық маман келді. Жалпы 200-ден астам төтенше жағдай қызметі сақадай сай тұр. Қазіргі уақытта өзен маңындағы 200-ге жуық үйді су басу қаупі бар. Ол тұрғындар үшін арнайы эвакуациялық 2 пункт әзірленді. Онда шамамен 150-ден астам орын бар. Қазір ауданда жедел штаб құрылды. Онда 4 жасақ жұмыс істеп жатыр. Дәл осындай дайындық жұмыстары Зеренді және Сандықтау аудандарында жүргізіліп жатыр. Себебі Жабай өзені Зеренді ауданынан бастау алып, Сандықтау ауданы арқылы ағып осында келеді. Еске салайық, 2017 жылы дәл осы Жабай өзені арнасынан тасып, 500-ге жуық үй су астында қалып еді. Қазір жергілікті мамандар сол жағдайды қайталамас үшін барлық күшті жұмылдырып жатыр.