Қазақстанда мал ұрлығы тыйылмай тұр

Елімізде мал ұрлығына қатысты жаза күшейтілгенімен, қылмыстың бұл түрі тыйылмай тұр.

Бірінің малы өрісте ұрланса, бірінікі қорадан қолды болып жатыр. Мәселен, былтыр елде осындай 1800 қылмыстық іс тіркелген. Төрт түлікке қырғидай тигендермен ауқымды күрес жүргізілсе де, неліктен қылмыстың тамырына балта шабу қиынға соғып тұр?

Қазақ «Мал ашуы – жан ашуы» деп тегін айтпаған. Жылдар бойы баптап-күткен малынан бір сәтте көз жазып қалу кім-кімге де оңай тимесі анық. Өкінішке қарай, аймақтарда түлігінен айырылып қалып отырғандар аз емес. Соның бірі – Жамбыл облысы Жуалы ауданының тұрғыны Амантай Омаров.

Амантай Омаров, шаруа қожалығының басшысы:

- Желтоқсанның 3-і күні 2023 жылы менің 40 бас жылқымды ұрлап кетті. Содан 102-ге хабарласып, полицияға арыз түсірдім. Бұл жылқыны мен мемлекеттік бағдарламамен алдым, 4-5 жылқыдай қалды, мал қалған жоқ. Полицияға барамыз, «жұмыс жасап жатырмыз», – дейді, ешқандай ұры табылып жатқан жоқ, мал да жоқ.

Елімізде 6,5 мыңға жуық ауыл бар. Ондағы ағайынның негізгі күнкөріс көзі – азын-аулақ төрт түлігі. Кәсіп бастау үшін малды несиеге алғандары да бар. Бұл жұрттың маңдай терін төгіп өсірген малын оңай олжа қылғысы келетін ұры-қарылармен күресті одан әрі күшейте түсу қажеттігін көрсетеді.

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сол алынған малдардың рақатын көріп жатқан – ұрылар. Мал ұрлау деген 188-1 бап бар. Сол жерде топтасқан келісімде мал ұрлайтын болса, 3 жылдан 7 жылға дейін береді. Бірақ олар қалай жасайды? Топтасқан қылмыстың ішінде біреуі мойнына алады да, сот істерін қарап отырсаңыздар, ең төменгі 3 жылды алады. 1,5 жылдан кейін шығып кетеді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, полиция тарапынан қылмыстың жолын кесуге барлық күш жұмылдырылған.

Тіпті кейінгі жылдары мал ұрлығының азаюы байқалады. Мәселен, 2022 жылы 1800 қылмыс тіркелсе, 2023 жылы оның саны 1470-ке дейін төмендеген. Ал тәртіп сақшылары тарапынан қылмысты ашу көрсеткіші 58%-ке жетіп отыр. Тәртіп сақшылары мал ұрлығына қатысты арыз-шағымдарды қарап, із кесуге әрдайым дайын. Бірақ қылмыстың көбін дер кезінде анықтап, ашу мүмкін емес. Оған малы жоғалған ағайынның шағымдануға асықпайтыны мен төрт түлікті өріске қараусыз жіберуі себеп.

Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Адамдар малдары жоғалғанын полицияға тым кеш айтады. Көбі малды жайылымға қараусыз жіберіп, бізге 2-3 айдан кейін хабарласып жатады. Бұл, әрине, ішкі істер органдарының жұмысын қиындата түседі. Біз барымташылармен барынша күресіп жатырмыз. Жұмыстың нәтижесі бар. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, биыл мал ұрлығы 30%-ке азайып отыр. Қылмысты ашу көрсеткіші 70%-ке жетті. Дегенмен адамдарға да сақтық шараларын күшейту керек. Малды ұжымдасқан түрде бақташыларға бақтырған дұрыс. Бұл бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.

Қуандық Танабас, тілші:

- Ата кәсіпке арқа сүйеген еліміз үшін мал басының көбейгені керек. Алайда мал ұрлығының тыйылмауы бұған кедергі келтіріп, тіпті қоғамдық проблемаға айналып отыр. Ал халық қалаулылары: «Мал ұрлығы үшін кемінде 5 жыл жаза кесілуі керек», – дейді. Бұл үшін депутаттық сауал жолдап, заңға өзгеріс енгізуге ықпал етпек.

Авторлары: Қуандық Танабас, Наурызбай Құрманғазы.