Жетісу облысында мал төлдету науқаны басталды

Шаруалар үшін бұл – аса маңызды әрі жауапты кезең.

Себебі демалыссыз мал жаятын шопандардың жылдық табысы осы кезеңге байланысты. Өңірде 900 мыңнан аса қой-ешкі бар. Биыл ұсақ мал саны 2,5%-ке өседі деп жоспарланып отыр. 

Ақсу ауданындағы асыл тұқымды шаруашылықта мал төлдету науқаны бір апта бұрын басталды. Содан бері 500-ден аса қойдың 150-ден астамы қоздады. Негізгі отарды отағасы өрістетсе, жаңа туған қозыларды Құрбанхан Сұлтанғазықызы қора маңынан алыстатпай бағып жүр. 

Құрбанхан Сұлтанғазықызы, шопан:

- Енді мынандай төлдем кезінде барлығымыздың айлық, бір жылдық неменеміз. Сол үшін барлығымыз көмектесеміз. Ал енесі тойдырмай қалса, әдетте тойдырмай қалатындар болады. Оларға мынандай азығын алып тойдырамыз. Сол өстіп еңбектеніп, малдың арқасында осындай жағдайларға жетіп жатырмыз.  

Меринос қозылардың аяқтануы қиын. Сондықтан оған ерекше күтім керек. Бірақ енесіне еріп кетсе, жылдам жетіледі. 3-4 айдың ішінде 30 келі салмақ беретіндей болып алады. Етті болған соң шопандар ақ қойды өсіргенді жөн көреді. Ауданда ұсақ мал саны артып келеді.

Ерлан Данабатыров, Ақсу аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы:

- Кейінгі 5 жылда орта есеппен алғанда 2-3% көбейіп тұр. Кейінгі 5 жылда 10%-ке көбейді ғой. Бұрын қойдың саны 270 мың болған. Қазір 313 мыңға барды. Қой малы негізінен тез өсіп келеді. Ірі қараны азайтып, шаруа қожалықтары қойдың бағасы өскеннен кейін соған ауысып жатыр.

Жетісу облысында 128 мыңнан аса жылқы және 1700 түйе бар. Ал ірі қара саны 280 мыңға жуықтайды. Биыл өңірге 1100 ден аса асыл тұқымды сиыр жеткізіліп, сүт өндірісін ашу көзделіп отыр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.