Тасқыннан шығын көрген отбасыларға мемлекет қалай жәрдемдеседі?

Су басқан үйлердің орнына салынатын әр баспанаға 22 млн теңге бөлінеді.

Қазір жауаптылар шығын көлемін есептеп жатыр. Зардап шеккендерге қажетті материалдық көмек көрсетіледі. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр жауаптыларға осындай тапсырма жүктеді. Жалпы елдегі қазіргі ахуал қандай? Қызылсудан шығын көрген отбасыларға мемлекеттен қандай жәрдем көрсетіледі?

Апат айтып келмейді. Биылғы су тасқыны халықты әбден әбігерге салды. Тасқынға тосқын болатын жауаптылардың салғырттығы тағы байқалды. Сол себепті жақында ғана бірқатар ведомство басшылары Президенттен қатаң сөгіс алды. Қазір елдегі жағдай тұрақты болғанымен, әлі де жағдай күрделі аймақтар бар. Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің айтуынша, батыс аймақтарда тасқын қарқыны біршама бәсеңдеді. Дегенмен орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда өзен-көлдердің деңгейі әлі де түспей тұр.

Бауыржан Сыздықов, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:

- Су басу аймағында 5 облыс қалып отыр. Әкімдіктер мен жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жарияланды. Ақтөбе, БҚО және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталып отыр. Бұл жерлерге жедел күштер мен құралдар жұмылдырылып, жіберілді. Өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазіргі ахуал осы. Бұл тұста Үкімет басшысы жауапты министрліктерге жұмыс қарқынын күшейту қажеттігін айтты. Ал өңірлердің әкімдеріне су тасқынынан келген шығынды тез есептеуді тапсырды. Сондай-ақ ол күштік құрылым қызметкерлері мен құтқарушылардың лайқты деңгейде жұмыс істеп жатқандығын айтты. Олжас Бектенов халықты арнайы қызметтердің хабарламаларына құлақ асуға шақырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Эвакуациялау бірінші кезекте қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан құтқарушылардың жұмысын қиындатпай, оларға қарсылық емес, керісінше, қолдау көрсету керек. Олар сіздер үшін тер төгіп жатыр. Ал адамдарды құтқару оңай жұмыс емес. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен қазіргідей қиын жағдайда ел тұрғындарына көмек қолын созып жатқан құтқарушыларға алғысымды білдіргім келеді.

Су тасқыны салдарынан қираған баспаналар қайта салынады. Әр үй үшін 22 миллион теңге бөлінеді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі айтты. Қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінеді.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- 22 миллион теңге 1 үй бағасы болады. Осы үйдің 80 шаршы метрдің 1 пәтерлі үйі болады және 2 пәтерлі үй болады. Сол бір пәтердің бағасы 22 миллионға келеді. Сонымен бір шаршы метр 281 мың теңге құрады. Қазіргі таңда әлі толық үйлердің саны белгісіз. Жергілікті атқарушы органдар бүкіл ақпаратты жинайды. Одан кейін біз қаражатты бөлеміз.

Қазір аймақтардың әкімдері апаттан келген зардапты есептеуге кірісті. Соның нәтижесінде қанша үйдің қирағаны және жалпы бөлінетін қаржының көлемі белгілі болады.

Авторлары: Альмира Оразабай, Артур Горшняков.