Алматыдағы ботаникалық баққа аққулар оралды

Құстар хайуанаттар бағының жылы павильонында ама-есен қыстап шықты, деп хабарлайды 24KZ.

Енді мұнда сонау қара күзге дейін болады. Сұлулық пен махаббаттың символына айналған аққуларды көруге көпшілік қашан да құмар.

Ботаникалық баққа келушілер көктем шыға қос аққуды іздейді. Олар құстардың күн жылынысымен оралатынын жақсы біледі. Құстар да көпшілікке үйреніп қалған. Қорқып қашпайды. Бірақ аққуларға нан мен  тәттілерді беруге мүлдем болмайды. Тіпті жасанды тоғанның жанына бейнекамера орнатылып, күзет қойылған.

Баян Қоспенбетова, Ботаника және фитоинтродукция институтының бөлім басшысы:

- Бақтағы аққуларды күтіп-бағуға және қоректендіруге арнайы компания жауапты. Күнделікті жейтін тамағының мөлшерін солар қарайды. Бәрін қажетті мөлшерде береді. Ал басқасы аққуларға зиян келтіруі мүмкін. Бізде бұлардың мекендеп жатқанына 4 жыл болды. Өзіміз де үйреніп қалдық. Көруге асығып тұрамыз. Аптап ыстық пен жаңбырлы күндері паналайтын кішкентай үйшік те салып қойдық.

Аққулардың бірі 18-де, бірі 14-те. Жабайы табиғатта аққулар 20-30 жыл өмір сүреді. Күтімі жақсы болса, одан да ұзақ жасайды. Қанаттылардың ішінде жұптасып өмір сүретін бірден-бір – құс осы. Жазатайым жұбынан айырылып қалса, қайғыдан өліп қалуы мүмкін.

Елена Дубынина, ботаникалық бақтың экскурсоводы:

- Бұл аққулар қолға үйренген. Сондықтан ұшып кетпейді. Жалпы 3 жасқа дейін балапан саналады. Ол кезде түсі мұндай ақ болмайды. Сұр түсті болып келеді. Кейін осылай ағарады. Ботаникалық бақта экожүйені осылай қалыптастырып отырмыз. Бүкіл Жер шарында өсетін өсімдіктерді бізден таба аласыз. Ерекше оазис дер едім. Ал аққуларымыз бағымызға әдемі көрік беріп тұр. Оны көруге жұртшылық та асық. 

Жасанды тоғанда әртүрлі балықтар да жүзіп жүр. Бұл – жапонның сәндік балықтары. Аққулар оны жемейді, – дейді мамандар. Айта кетейік, аққу – Финляндия елінің ұлттық құсы. Қазақ халқы да аққуды ерекше санайды. «Оны өлтіруге болмайды» деген сенім бар. Ал осы айдан бастап Алматының  ботаникалық бағы ұзартылған жұмыс режиміне көшті. Енді таңғы сағат 9-дан, кешкі 9-ға дейін келушілерге есігі ашық.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев.