Көкпектіде қарғын судың беті қайтты

Абай облысының Көкпекті ауданында тасқын қаупі сейілді.

Су деңгейі төмендеп келеді. Қазір ауданда су басқан аулалар мен үйлер жоқ.

Қарғын су Көкпекті ауданының бірнеше ауылына қауіп төндірген. Көкпекті өзені ернеуінен асып, Көкжайық ауылындағы 15 аула мен 3 көшені су алған. Қазір жағдай тұрақталды. Тұрғындар үйлеріне оралды.

Маржан Бекішева, Көкжайық ауылының тұрғыны:

- Бәрібір де қорқыныш болды. Су жалғыз біздің ауылды ғана алып жатқан жоқ қой. Барлық жерде болып жатқаннан кейін іштей қорқыныш болды. Бірақ дер кезінде керекті шаралар қолданып, алдын ала шаралар қолданып ауылымыз аман қалды. Шынын айтқанда. Үйлерге кірген жоқ. Ешқандай үйлерге кірген жоқ.

Кеше Шұғылбай ауылына да еріген қар суы жайылған. Қазір мұнда 7 техника, 10 мотопомпа жұмыс істеп жатыр. Алматы облысынан келген әскерилер де осында жүр.

Нұрлан Жапаров, 28337 әскери бөлімінің рота командирі:

- Біз әскери бөлімнен 2 техника, 28 адаммен келдік осы жаққа. Әскери қызметшімен. Сол қазір осы жерде қызметімізді атқарып жатырмыз. Суларды, бөгеттерді тоқтату. Адамдарға көмек көрсету зардап шеккен. Су арналарын бұру, тазалау. Сондай жұмыстарды атқарып жатырмыз.

Марат Теміржанов, Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары:

- Бүгінгі күнге үйлерге су кірген жоқ. Осы жағалаумен өткізіп, енді бір-екі жерден жолды бұздық. Өйткені, қауіпті болғаннан кейін. Бүгінгі күнге бәрі қалыпты. Бәр жұмыстар атқарылып жатыр. Техникалар жұмыс атқарып жатыр.

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Көкпекті ауданындағы су басу қаупі бар ауылдарды тікұшақпен бақылады. Су деңгейі мен бөгеттерді тәулік бойы қадағалау үшін 4 гидробекет ұйымдастырылған.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов