Атырау облысында қарғын судың қаупі сейілген жоқ

Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданында қарғын судың қаупі әлі сейілген жоқ.

Тасқын салдарынан кешеден бері Қоныстану, Бүйрек, Қосқұлақ ауылдары аралда қалды. Қарабау-Индер күре жолын 3 жерден су жырып кеткен. Ойыл өзенін бойлай орналасқан басқа да 4 округке қауіп төніп тұр. Қазір облыстағы барлық күш тілсіз апаттың алдын-алуға жұмылдырылған. Судан қорғану шарасына облыс орталығынан Қызылқоғаға қосымша 150-дей адам күші мен арнайы техника және қайықтар жеткізілді.

27 наурыздан бастап тасыған Ойыл өзені әлі арнасынан асып тұр. 1 сәуірге дейін Миялы селосын қоршаған қарғын су енді оған жалғас Қоныстану ауылына құйылды. Бүгін сағат түскі 2 де бөгетке тірелген судың деңгейі 80 см-ден асқан. Ауылға су кірген жоқ бірақ, табиғи газ құбыры су астында қалып, тұрғындар көгілдір отын көзінен ажыратылды. Жергілікті билік пен төтенше жағдай қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ауылдың 150 дей тұрғыны облыс орталығына жіберілді. Қалған тұрғындар мен 50 құтқарушы және 5 арнайы техника бөгет тұрғызып жатыр. Бірақ тасыған судың әзір беті қайтар емес.

Нұрлан Қосжанов, Қоныстану ауылының тұрғыны:

- Көмек жақсы келп тұр. Әйтеуір сұрағанымызды алып жатырмыз. Бізге жетіспейтіні мына шынжыр табанды трактор керек. Біздің жер батпақ. Келген погрузщиктер батып, жүре алмай қалып жатыр. Мынау әлі сейілген жоқ. Қауіп әлі көп. 8 милимтер де түскен жоқ.

Түстен кейін көптен күткен шынжыр табанды трактор келіп, жұмыс жанданды. Ауылды айнала соғылған бұрынғы 4 шақырымдық бөгет биіктетіліп, қосымша тағы 3 шақырым жалғанды. 50 ден астам құтқарушы 5 арнайы техника және ауылдың бас көтерер азаматтары түгелімен  жұмылдырылған. Облыс орталығынан қосымша техника мен қатынас үшін 3 қайық тартылды. Жағдайға байлынысты Қоныстану ауыланан 200 дей тұрғын қалаға көшірілді. Қалғандары жергілікті мектеп үйінде тұрып жатыр.

Бақтыбек Төлегенов, Қызылқоға аудандық ТЖБ бастығы:

- Уақытша қоныстану бекетінде. 13 ересек, 28 бала бар.ауылдан 200 ден астам адам қалаға туыстарының үйіне көшірілді. Тасшағыл ауылы, сонымен қоса Қарабау ауылына қауіп төніп тұр. Атырау облысынан 4456 әскери бөлімінен солдаттар жұмылдырылып, қазір бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуде.

Бүгін Ойыл өзенінің деңгейі Миялы селосы маңайында 40 смге дейін төмендеді. Бірақ қауіп әлі сейілмей тұр. Жалпы, Атырау облысы бойынша Жем, Сағыз, Қиғаш пен Шора өзендерін жағалай қоныстанған ауылдарда бөгет соғу тұрақты жолға қойылған. Облыста қалыптасқан жағдайға байланысты арнайы штаб құрылып, бар мүмкіндік тасқынға қарсы жұмылдырылып жатыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов