Шет ауданының тұрғындарына көмек жөнелтілді

Қарағандыда Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық және өңірлік штабтары бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен Шет ауданының тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелтті, деп хабарлайды 24KZ.

Облыс бойынша осы ауданда 4 ауылды қарғын су басуына байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған еді.  Бұл елді мекендерде 43 үйге су кіріп, мал шығыны болды. Тұрғындарға қажетті заттар тізімі жергілікті жедел штабтардың көмегімен нақтыланған. Бүгін кеншілер қаласындағы Достық үйінде құрылған көмек қабылдау пунктінен алғашқы 2 жүк көлігі жолға шықты. Оларға азық-түлік, төсек орын, дәрі-дәрмек пен гигиеналық заттар тиелген.

Акбаржон Исмаилов, ҚХА төрағасының орынбасары:

- Барлық өңірлер бойынша бізде 34 достық үйі бар. Оларда қазақстандықтар азық-түлік, киім-кешек, т.б. жинап жатыр. Әр өңірде штабтарымыз бар. Қай ауданға, қай ауылға қандай заттар керек екенін бізге жеткізіп отырады. Жалпы қолдап жатқан бүкіл Қазақстан халқы. Оның ішінде этно-мәдени орталықтар бар, кәсіпкерлер бар.