Жайық өзеніне рекордтық мөлшерде су келді

Ресейдің Орынбор облысында орналасқан Ирикла су қоймасынан кешелі-бері Жайық өзеніне рекордтық деңгейде су жіберіліп жатыр.

Кеше күндіз дарияға секундына 1600 текше метр су түссе, кешкісін 2150 текше метрге жеткен. Бұған дейін ең жоғары көрсеткіш 1994 жылы тіркелді. Оның өзінде судың деңгейі 1300 текше метрден аспаған. Қазір Жайықтың бойындағы Бөрлі, Теректі, Бәйтерек, Ақжайық аудандарындағы 24 елді мекенге қауіп төніп тұр. Аталған ауылдардың айналасында жағаны көтеру жұмыстары басталды.

Миржан Сатқанов, Орал қаласының әкімі:

- Бүгін құрылыс фирмаларымен жүздестім. Қазір әріптестеріммен әр учаскені соларға бөліп береміз. Сол жерлерді жоғарылатуға, дамба жасауға жұмыстарды атқарамыз. Бұл күні-түні жүреді. Ашығын айтып отырмын 8-8 метр жарым болса шыдауға болады. Одан жоғары болса, шынымен де қатты ауыр болады.