Қарағанды облысында қой қырқудан рекорд орнатқан әже тұрады

Қарағанды облысының Жұмыскер ауылында бір қойды 3 минутта қырқып, рекорд орнатқан әже тұрады, деп хабарлайды 24KZ.

Тиыштық Игенқызы қазірде шеберлік сабағын өткізуге қарсы емес. Кейуана ұзақ жасау кепілі қажырлы еңбек деп біледі. Сол себепті шаруадан қол үзген емес.

Тиыштық Мұхамедиярова 83 жаста. Бала күннен еңбекпен есейген жан әлі де үй шаруасынан қалмаған. Қорадағы қой мен саулықты да бір өзі қырқа береді. Кәдеге жаратсаң, жүннен түрлі дүние жасауға болады, – дейді кейуана.

Тиыштық Мұхамедиярова, Жұмыскер ауылының тұрғыны:

- Жүннің пайдасы енді ол уақытта көрпе жасайтынбыз. Пайдасы көптін. Жүнді жуамыз, күйдіреміз, сабаймыз, сөйтіп, тәуба құдай, мен 5 қызыма сөйтіп жасайтынмын баяғыда.

Әжей жас күнінен шопан ауылдарында қырықтыққа араласқан. Бастапқыда күніне 5 қойды еңсерсе, кейін жұмыс өнімділігін арттырады. Ал 1974 жылы Жаңаарқа ауданындағы жарыста 147 үміткердің арасынан үздік шықты.  Қойды 3 минутта қырқып, рекорд орнатты.   

Тиыштық Мұхамедиярова, Жұмыскер ауылының тұрғыны:

- Жүздің салалығын таңдап аламын. Ана жүздің салалығы өткір болады. Ал қысқасы өтпейді. Қырқу білмейтін адамдар қайнап тұрған машинканы суға салып жібереді. Ол өтпей қалады. Керемет қырқыншы болдым. Сосын жан-жаққа жібереді мені.

Тиыштық әжей кейін де байқауларда сан мәрте жүлдегер атанды. Сыйлықтарының ішінде ерекше қастерлейтін мына домбыраны сақтап жүргеніне жарты ғасырға жуықтаған. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп, үй шаруасына да үлгерген батыр ана шаңырақтың ырыс-құтын асырып, топ баланы жеткізген.      

Ақылбай Керімтайұлы, Жұмыскер ауылының тұрғыны:

- 3 жұмыста істеді ғой негізі. Кешке келеді. 1 сағаттай шайын ішіп алады да, қайтадан түнгі ауысымға барады. Түнгі ауысым ақылы болды. 2 тиын төлейді бір қойға. Таңертең шаршап-шалдығып келеді, 1-2 сағат демалып, қайта кетеді. Оның үстіне мекемелерде еден жуушы болды.

Әжей өз аймағының озат сауыншысы да болған. Күніне 40 сиырға дейін сауыпты. Қазір де шаруадан қол үзген емес. Іс тігеді, қамыр илеп, нан да жаяды. Отағасы Керімтай ақсақал екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірген батыр ана бүгінде 32 немере мен 22 шөбере сүйіп отыр.