БҚО-ға жеткен көмек зардап шеккендерге үлестіріліп жатыр. LIVE

Су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысына еліміздің әр түкпірінен көмек келіп жатыр.

Облыс орталығында осы гуманитарлық жәрдемді қабылдау жөнінде жедел штаб құрылды. Тасқын басталғалы өңірге 260 тонна азық-түлік пен киім-кешек, тұрмыстық заттар, гигиеналық бұйымдар жеткен. Дәл қазір әріптесім Ерденбек Жылқайдарұлы бізбен тікелей байланыста.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Батыс Қазақстан облысының 6 ауданы мен Орал қаласында соңғы 10 күнде 600-дей үйді су алды, 7 мыңдай адам эвакуацияланды. Қарға тамырлы қазақпыз ғой, олардың бірқатары тума-туыстарына орналасса, кейбірі өзендер арнасына түсіп, тасқынның беті қайтқан соң үйлеріне қайтты. Дәл қазір эвакопункттерде мың жарым адам бар. Көпшілігі – су келіп қалғанда бір құжатын ұстап қашып шыққандар. Өзге өңірлерден келіп жатқан азық-түлік пен киім-кешек бірінші кезекте осы пункттерге жеткізіліп жатыр. Облыста гуманитарлық жәрдемді қабылдау жөнінде штаб құрылды. Келген көмекті шашау шығармай қабылдап, тиімді таратумен 2,5 мың волонтер айналысады. Біз қазір «AMANAT» партиясының ғимаратындамыз. Мұнда Шымкент қаласынан келген көмекті қабылдап алыпты. 20 тонна жүктің 3 тоннасы аудандарға аттанса, қалған 13 тоннасы мынадай жәшіктерге тең бөлініп, зардап шеккендерге үлестіріліп жатыр.

Ләззат Мергенова, Подстепной ауылының тұрғыны:

- Подстепнойда тұрам. Сонда үйім бар еді. Времянка. Жолдасым қайтты, 3 балам бар. Үйім суға кетіп қалды. Саман үй құлайын деп тұр. Сол енді қазір саяжайда тұрып жатырмын, қызымның үйінде. Әкімдікке бардым, жазып жатырмын. Сол тамақ, бәрін беріп жатыр ғой. Рақмет, Алла разы болсын баршаңызға! Сондай жағдайға тап болып жатырмын.

Афиза Семғалиева, «AMANAT» партиясы ОФ төрағасының орынбасары

- Барлық тұрғындар тек қана эвакопункттерге орналасқан жоқ. Көбі туыстарына, сонымен қатар жалдамалы пәтерге де шығып кеткендер де бар. Дегенмен азық-түлік қазір таңда ешкімге артық болмайды. Нақты мақсатты зардап шеккендерге осы көмегіміз жету үшін облыстық филиал атынан азық-түлік себеттерін жолдаймыз.

Мамандар гуманитарлық көмектің нағыз қажет уақыты әлі алда екенін айтады. Себебі Жайық өзені бүгін 690 сантиметрге жетті. Бір тәулікте өзен 9 сантиметрге көтерілді. Қауіпті деңгей 850 сантиметр саналады. 750 сантиметрде су саяжайларды басады.

Жалпы Жайықтың жайылмасында 55 бау-бақша серіктестігі бар, ол жерде 10 мыңдай адам тұрақты мекендейді. Қала басшылығы алдағы аптада тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірмек. Алдағы сейсенбіден бастап саяжайларда Азаматтық қорғаныс заңына сәйкес жарық пен көгілдір отын ажыратылмақ.