Жайық суы қауіпті деңгейге жақындады

Жайық суы Орал жұртын алаңдатып тұр, деп хабарлайды 24KZ.

Бір тәулікте дария деңгейі 9 сантиметрге көтерілген. Қазір 7 метрге жетіп қалды. Ал қауіпті меже 8 метр 50 сантиметр саналады. Бірінші кезекте саяжайларға қатер төнеді. Бүгінде өзен жайылмасында 10 мыңдай адам тұрып жатыр. Қала басшылығы тұрғындардан қауіпсіз жерге көшуін сұрап отыр. Алайда бұған кейбірінің құлақ асқысы жоқ. Сондықтан заңға сәйкес олар жарық пен көгілдір отыннан ажыратылады. Бұдан бөлек, Курени, Стелла, Коминтерн, Желаев аудандарын су басуы ықтимал. Болжам бойынша бір апта ішінде өңірге мол су қоры келеді. Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан 4-ші күн қатарынан секундына 2170 текше метр су жіберіліп жатыр. Бұл – кейінгі 60 жылда болмаған жағдай. Алапат апаттың алдын алу үшін әр сәт маңызды болып тұр.