Өскеменде гуманитарлық көмек пунктері ашылды. LIVE

Тасқыннан зардап шеккен халықтың мұңы да, мұқтажы да бүкіл елге ортақ.

Шығысқазақстандықтар да табиғи апат болған аймақтағы жұртқа қолдау көрсетіп жатыр. Өткен аптадан бері Өскеменде екі пункт ашылды. Онда тұрғындар ең қажетті деген заттарды әкеліп жатыр. Әсіресе жоғары оқу орындарының ұжымы белсенді. Тілшіміз Эльмира Ахметова қазір тікелей қосылымға шығып, көмек жайлы айтып береді.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Иә, табиғи апат болған аймақтан мыңдаған адамның эвакуцияланып жатқанын естіп жатырмыз. Оңай емес. Сондықтан шығыстағы ел-жұрт та бұған бейжай қарап отыра алмайды. Өйткені біздің өлкеміз де талай рет тасқын жайын бастан кешкен. Ауырлығын біледі. Өскеменде еріктілер орталығы мен Достық үйінде гуманитарлық көмек пунктері ашылған. Таңнан кешке дейін керек заттарды елден қабылдап жатыр. 

Қаладағы ЖОО да көпке үлгі көрсетіп, ізгілігі мол акция бастады. Мәселен, ШҚ гуманитарлық университетінің ұжымы тасқыннан зардап шеккен аймаққа бір камаз зат жіберді. Ұжым бір сәтте жұмыла кірісіп, азық-түлік, жарма өнімдері және гигиеналық дүниелер бар, ең қажетті деген заттарды ғана алды. Студенттер де қарап жүрмей, осы заттарды жинақтап, реттеп, салып, тиеп жіберуге атсалысты.

Ал қазір мен тағы бір ірі білім шаңырағында тұрмын. Д. Серікбаев атындағы техникалық университет ұжымы, мінеки, демалыс болса да, тыным таппай, елмен бірге екенін көрсетіп жатыр.

Бас корпуста өз қызметкерлері үшін пункт ашып, гуманитарлық көмек жинап жатыр. Ең бастысы, алдымен эвакуцияланған жұртқа не қажет соны зерттеп, сұрап біліп, сол заттарды ғана алып жатыр екен. Ендеше біршама жүк жиналары белгілі. Сондықтан студенттер де аянбай еңбек етіп, алынған заттарды сұрыптап, белсенділік танытып жатыр. Бұл оқу орнының көмегі тек бұнымен ғана шектелмейді. Мінеки, болашақ ұстаздар, ғалымдар дайындап жатқан білім ошақтары осындай үлгі-өнеге көрсетіп жатыр.

Ел шығысында да тасқынан төнген қауіп бар. Жоқ деуге болмайды. Әсіресе  Риддер, Қатонқарағай, Шемонайха, Марқакөл, Глубокое, Үлкен Нарын, Алтай аудандары. Жалпы өлкенің 60%-ін қар жамылғысы басып жатыр. Қардағы ылғалдылық нормадан екі есе жоғары боп тұр. Дегенмен дәл қазір жағдай тұрақты. Мамандар су деңгейіне үздіксіз мониторинг жасап жатыр. Су кірген ауылдар жоқ.