Студенттер Тепличное ауылындағы бөгетті бекітуге атсалысып жатыр

Президент су тасқынымен күреске барлық күшті жұмылдыру міндетін қойды. Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деп мәлімдеді.

Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінің жайылмасын тікұшақпен айналып өтіп, Сергеев су қоймасындағы жағдайды барлады. Мамандар: «қойманың арнадан асуы соңғы 50 жылда болмаған жағдай», – деп отыр. Ал Қазгидромет алдағы күндері күннің күрт жылынып, қар еруіне байланысты келетін су көлемі ұлғаюы мүмкін деген болжам жасады. Қауіптің алдын алу үшін Солтүстік Қазақстан облысына Астанадан Қарулы Күштердің 300 әскери қызметкері аттанды. Ұлттық ұлан академиясынан 400 курсант және «Орталық» өңірлік әскери бөлімінің 300-ден астам қызметкері тартылды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Тасқан сумен күреске барлық күшті жұмылдыру керек. Өзге аудан, өңірлердегі мамандарды да жұмысқа қосу маңызды. Қауіп сейілген аймақтардағы күштерді да тарту қажет.

Тепличное ауылындағы бөгетті бекітуге волонтерлер де атсалысып жатыр. 150-ден астам ерікті төтеншеліктерге көмекке келген. Олардың арасында студенттер де бар.

Руслан Макенов, СҚО кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

- Дәл қазір бөгетті бекітіп жатырмыз. Сағат таңғы 9-дан бері осы жердеміз, көмеккке бірнеше күн бұрын қосылдық. Мұның бәрі елдің игілігі үшін. Бұл іске біздің колледже оқып жатқан 20-ға жуық студент тартылды.