Сотта Бишімбаевтың қойын дәптеріндегі жазбалар оқылды

Қоғамда резонанс тудырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр.

Бүгін айыпталушының адвокаттары Бишімбаевтың қойын дәптеріндегі жазбаларды қылмыстық істің материалдарына қосуды сұрады. Онда марқұм Салтанат Нүкенова өзінің жарына деген сенімді қалпына келтіріп, оны қызғанбаймын, жүйелі түрде психологке барып тұрамын және Бишімбаевпен бірге намаз оқимын деп жазған. Бұны бүгін сотта айыпталушының адвокаттары оқып берді. Бірақ бұл жазбаларды сот қылмыстық істің материалдарына қосудан бас тартты. Ал жәбірленуші тарап: «жария етілген деректер марқұмның психологиялық қысымның әсерінде болғанын айғақтайды», – дейді.

Ерлан Ғазымжанов, айыпталушының адвокаты:

- Бұл жазбаны Салтанат Қуандықтың қойын дәптеріне өзі жазған. Бұл екеуінің арасындағы арақатынасты көрсетеді. Яғни, айыпталушы Салтанатты жүйелі түрде соққыға алып келді дегенді жоққа шығарады.

Жанна Оразбақова, жәбірленуші тараптың адвокаты:

- Біз бұл жазбаны шын мәнісінде кім және қалай жазғанын білмейміз. Салтанат болса, ол қашан және қандай күйде жазды? Бірақ мағынасына үңіліп қарайтын болсақ, бұл қысым көріп келген адамның ісіне ұқсайды. Бұны сот та анық аңғарды.