Семейде гуманитарлық пункт ашылды

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясына семейліктер де үн қосты, деп хабарлайды 24KZ.

Қаладағы Достық үйінде гуманитарлық көмек пункті ашылды. Өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері, волонтерлік ұйымдар мен жастар сауапты іске белсенді қатысып жатыр. Мұндай орын «AMANAT» партиясы облыстық филиалының жанынан да ашылды. Еріктілер бұған дейін аймақтағы су тасқынынан зардап шеккен аудандарға жәрдемдескен болатын. Облыстың төтенше жағдай режимі жарияланған аудандарына 35 миллион теңгенің көмегі көрсетілді.     

Надежда Шарова, «Қоғамдық келісім» орталығының басшысы:

- Абай облысында наурыз айының соңында күрделі жағдай қалыптасты. Бірнеше аудандағы тұрғын үйлерді су басу қаупі төнді. Бірнеше елді мекеннің көпірін су шайып, байланыс үзілді. Қарғын судың бетін қайтаруға 700-ден астам ерікті қатысты. Қазір өңірде жағдай тұрақталған соң басқа аймақтарға көмек көрсетуді жөн деп ұйғардық.

Айдос Төлеуханов, «Абай жастары» облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:

- Бүгінде алғашқы күндердің өзінде жастарымыз бар, басқа тұрғындарымыз бар. Халқымыз бар, келіп, мінеки, өздерінің көмектерін ұсынып жатыр. Енді арнайы гуманитарлық көмек жиналған кезде біз Атырау қаласына, Қостанай қаласына, басқа да өңірлерге, зардап шеккен халыққа, азаматтарға осы гуманитарлық көмекті толығымен жеткізетін боламыз. Енді осындай кезде еліміз өзінің бірлігін көрсетуі керек деп ойлаймыз.