Су тасқынымен күрес. Қосымша әскер жіберілді

Су тасқынының алдын алуға Қорғаныс министрлігінен қосымша 500-ден аса әскери қызметкер жұмылдырылды.

Қарулы күштер Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына аттанды.

Атап айтар болсақ, Қызылорда гарнизонынан Батыс Қазақстан облысына темір жолмен 200 әскери қызметші жіберілді. Сондай-ақ 15 жүк және 6 жеңіл автомобиль көлігі бөлінді.

Ал Қарағанды қаласынан Солтүстік Қазақстан облысының орталығына 300-ден астам әскери қызметкер жолға шықты. Олардың құрамында 16 көлік бар.

Атырау облысының Құлсары қаласында су тасқынына қарсы іс-шараларға Ақтау қаласынан 13 автокөлікпен 300 теңіз жаяу әскері келді.

Әскери қызметшілер елді мекендерді қарғын судан және Жайық өзені арнасының асуынан қорғау бойынша жұмыстарға кірісті.

Су тасқыны басталғалы бері оның алдын алуға 3208 әскери қызметші, 166 автомобиль, 17 тікұшақ және 4 әскери-көлік ұшағы жұмылдырылды.