Еліміздің теңіз жаяу әскерлері Атырау облысына көмекке аттанды

Еліміздің теңіз жаяу әскерлері тасқын судан зардап шеккен Атырау облысына көмекке аттанды.

300-ден аса сарбаз арнайы киім,  құралдармен жарақтанған. Бүгін сарбаздардың кезекті легі мінген жүк көліктері Ақтаудағы әскери базадан шықты. Жоспар бойынша колонна орта жолда вагондар мен платформаларға ауысады. Одан әрі көрші өңірге теміржолмен барады. Діттеген жерге жеткесін, бригада бөлімшелері шұғыл көмек қажет аудандарға бөлінеді.

Санжар Теміров, шабуылдау батальонының сарбазы:

- Атырау облысы, Құлсары қаласының тумасымын. Қазіргі таңда елімізде болып жатқан қиыншылықтарда 390-шы әскери теңіз жаяу әскері бригадасы Құлсары қаласына көмегін, қол ұшын созбақ.

Азамат Сүлейменов, №25744 әскери бөлімінің командирі:

- 300-ден аса қызметшісі мен 15-ке жуық әскери техникасын дәл қазір Атырау қаласындағы жергілікті тұрғындарға көмек көрсету үшін теміржол көлігімен тасымалдауға дайындық жүруде. №25744 әскери бөлімінің жеке құрамы халыққа барынша қызмет көрсетуге дайын.