Қарағанды облысында ауыл тұрғындарына өтемақы төлене бастады

Қарағанды облысының Шет ауданында су тасқынынан дүние-мүлкіне зақым келген ауыл тұрғындарына өтемақы төлене бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұған қоса зардап шеккен әр отбасыға 350 мың теңгеден бірреттік жәрдем берілді. Сондай-ақ қырылған 150 бас малы да өтелді. Комиссия су кірген үйлерді тексеріп, 6 баспана тұруға жарамсыз деген шешім шығарды. Ол жанұяларға мемлекет есебінен үй сатып алынады.

Еске салсақ, Шет ауданындағы 4 елді мекенде 40-тан астам үйді су басқан болатын. Өңірге жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов орталық штаб жұмысымен және тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға көрсетіліп жатқан көмекпен танысты.

Серік Өтешов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бірде-бір адам көмексіз қалмай, зардап шеккен жағдайы жасалуы қажет. Үкімет деңгейінен, жергілікті атқару органдарынан. Сондықтан облыстық штабтың өкілдері айтып жатыр, бүгінгі күнде Шет ауданында зардап шеккен жандарға ақшасы төленіп те қойыпты. Өте тез қимылдаған, мінекей. Бүгінгі күнде 70 млн теңгедей ақша төленіпті.