Қостанайда су тасқыны кезінде жабылған көпір ашылды

Қостанайда су тасқыны кезінде жабылып қалған екі көпірдің біреуі ашылды, деп хабарлайды 24KZ.

Әзірге тек жеңіл көліктерге жүруге рұқсат берілді. Бірақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қозғалыс бақылауда болады. Қажет кезінде реттеліп отырады.

Өзен үстімен Қостанай мен Тобыл қаласын жалғайтын 3 көпір бар. Сол үшеудің екеуін су шайып кетіп, шамамен бір аптаға жабылып қалған еді. Соның салдарынан Орталық көпірге салмақ түсіп, көлік кептелістері туындады. Темір-бетон өнімдері комбинаты шағынауданындағы көпір үстімен көлік қозғалысы қайта жанданды. Жолдың жағдайын арнайы комиссия әлі зерттеп жатыр. Тасқыннан зақымданған тұстары бар екен.

Андрей Горват, «ҚазАвтоЖол» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры:

- Ұзындығы 6 шақырымдық көпірдің 1,5 шақырым бөлігін су басты. Сол аралықтың топырақ қабаты қатты дымқылданған. Соның салдарынан суды бағыттайтын арна бұзылды.

Жол сапасын тексерген мамандар көпір бойында тасқыннан болған бірнеше ақауды анықтады.

Рафис Зейнетов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалының басшысы:

- 10 жарық бағанының түбі босаған. Бесеуі құлаған. Жоғарғы кернеулі электр желісіне нұқсан келген. Көпір бойындағы ток сымдарын ажыраттық. Жаяу жүргіншілер жолының астыңғы бөлігі бүлінген. Жер қабаты кепкеннен кейін олардың бәрі жөнделеді.

Әзірге осал деген тұстары бекітіліп, жиектеріндегі қоршауы қайта тұрғызылды. Бәрі қалпына келгенше көпір үстімен көлік қозғалысы бақылауда болады.

Нұрғали Махмұтов, «ҚАЖсервис» ЖШС ҚФ директоры:

- Үлкен жүк көліктеріне аша алмаймыз, өйткені жолдың «основаниесі» дейміз, табаны қатты сумен ылғалданып кеткен, сол судың кетуін күтіп, сол ылғал кепкеннен кейін сол жүк көліктеріне қозғалыс қамтамасыз етеміз. Ұлттық сапа орталығы осында олар зерттеу жасап, «комиссионный акт» жазылып шығады. Сонда қандай жол ақауларын қайтіп дұрыстау жұмыстары белгіленеді.

Бұл көпір 2010-2013 жылдар аралығында салынған. Норматив талаптарына сай ол күрделі жөндеуге дейін 50 жылға шыдауы тиіс. Мамандар көпірдің қазіргі жағдайы жақсы деп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.