Су қоймаларындағы ахуал бақылауда

Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы ірі су қоймалары лық толы, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Бұзылу қаупі жоқ. Техникалық жағдайы қанағаттанарлық, – деді Су ресурстары және ирригация министрлігі. Дегенмен тасқын қаупі әлі сейілген жоқ. Әсіресе Петропавлдағы ахуал күрделі. Есіл өзеніндегі су деңгейі тәулік ішінде бір метрге көтеріліп, 1200 см-ге жетті. Ал Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай мен Абай облыстарындағы су қоймалардағы жағдай тұрақты.

Мөлдір Әбдуалиева, Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі:

- Шығыс Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші – 80%. «Абай облысында Шүлбі су қоймасы 89%-ке толды. Өңірде су тасқыны жалғасып жатыр. Шүлбі су қоймасына ағындардың ұлғаюына байланысты табиғат қорғау іс-шаралары аясында су жіберу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жалпы Ертіс каскадының су қоймалары штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасының орташа су жинауы – 74%. Иреклі су қоймасынан жіберілген су әлі Қазақстан шекарасына жеткен жоқ. Бұған қатысты болжам өзгермеді. Бұл су 16-17 сәуірде келеді деп күтіліп отыр.