Қызылордада жылу желісінің жартысына жуығы тозған

Қызылорда қаласында 200 шақырымдық жылу желісінің жартысына жуығы тозып тұр.

Биыл соның 13 шақырымы жаңарады. 

Өңір жылу беруді тоқтатқан бойда, алдағы қысқы маусымға дайындықты бастап кетті.

Қалада жылу маусымы қалыпты өтті дегенмен, газ құбырында екі рет ірі апат болды. Салдарынан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бірнеше сағат жылусыз қалды. Тұрғындардан жылумен қамтуға қатысты 70 шақты арыз-шағым түсіп, коммуналдық мекемелер барлығын дереу қалыпқа келтірген. Ескірген құбырларды жаңалауға республикалық бюджеттен 6,7 миллиард теңге бөлінді. Жылумен қамтитын мекеме ақауы бар тұстарды анықтауға кірісті.

Наурыз Сатханов, "Жылуэлектрорталығы" МКК директорының міндетін атқарушы:

- Оңтүстік бу қазандығы ауданында температуралық сынақ болады. Максималды 95 градусқа көтереміз. Содан кейін үлкен қысымға сынақ жасалады. Сол барлық уақыты 15 мамыр.

Облыс орталығындағы 2 мыңдай нысанды жылытатын жалғыз орталық өткен ғасырдың 60-жылдары салынған. Ескінің аты ескі. Жылда жөндегенмен көне қазандықтардың қуаты кеміп, шығыны өсіп барады. Жергілікті билік осы ретте жаңа жылу электр орталығының құрылысын бастады. 

Наурыз Сатханов, "Жылуэлектрорталығы" МКК директорының міндетін атқарушы:

- 2 жарым мыңнан аса тіреуіш 19 метр тереңдікке дейін ұрылып жатыр. Өзінің геодезиясы бойынша сондай жоба қабылданған. Басқа үлкен қондырғыларының бәріне тапсырыс берілген. Ол құрылғылар алдағы тамызда келе бастауы керек.

Жылуды тұрақты жеткізумен қатар өңірдегі электр тапшылығын жоюы тиіс жаңа орталық көпқабатты үйлерді ыстық сумен қамтиды деген де үміт бар. Тұрғындар тұрмыстық тірлікте тұтынатын ыстық суы жоқ жалғыз облыс орталығында аталған әлеуметтік маңызды мәселе 2025 жылы шешімін таппақ.

Бауыржан Ізмағамбетов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл мәселе бойынша да барлық жобалар әзірленді. Мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Үкіметтің резервінен қаржы бөлу бойынша жұмыстар атқарылды. Қазір Үкіметтің қаулысы шығып жатыр. Тиісті орталық органдарда келісімде. Сол қаулы шыққаннан кейін қаржысы келіп, жұмыстар басталатын болады. Көп қабатты тұрғын үйлер келесі жылға дейін ыстық сумен қамтылады.

Бас қуат көзінен шығатын энергияны үнемдеу және нақты есеп шығару үшін қаладағы 800-ден астам көп қабатты үйлерге жылу өлшегіш құралдарын орнату жобасы қолға алынды. 

Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев