Түркістан облысында 25 мың көшет егілді

Түркістан облысы Созақ ауданында «Таза өлке» апталығы кезінде 25 мың көшет егілді.

Оның ішінде жеміс ағаштары да бар. 500 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Акцияға мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары атсалысты. Аудан орталығындағы аялдамалар қалпына келтіріліп, арық-атыздар күл-қоқыстан тазартылды. Қураған ағаштар жойылып, көше бойындағы жол белгілері реттелді. Бұдан бөлек 75 шақырым көшенің жиегі мен 22 балалар ойын және 18 спорт алаңы тазартылды. Сондай-ақ аудан аумағын көгалдандыру мақсатында ауылдық округтер мен кенттерде де ағаш егілді.

Дәулет Құдайбергенов, аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Шараның мақсаты тұрғындар арасында қоғамдық мәдениет деңгейін арттырып, аудан аумағын жасыл желекке айналдыру. Сондай-ақ өскелең ұрпаққа қоғамдық орындардағы жат мінез-құлыққа қарсы қоғамдық санаға тәрбиелейміз деп отырмыз. Игі бастамалар мен өзара көмек үйрететін жақсы қасиеттерді насихаттайтын түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда.