ШҚО-да жастар жобасына бөлінетін қаржы көбейді

Биыл Шығыс Қазақстанда жастар ұсынатын идеялар мен бастамалар көбейеді, деп хабарлайды 24KZ.

Өңірде тың жобаларды қолдауға бөлінетін қаржы көлемі артты. Өскемендік қыз-жігіттер «Экология патрулі», «Қоршаған ортаны қорғауға арналған жедел желі» және «Таза ойын» атты бірнеше бағдарламаны іске қосады. Жастар қалдықты қайта өңдеп, кәдеге жаратуға да үлес қосып жүр.

Людмила Евженкова қайда барса да, қолғап ала жүреді. Табиғат жанашыры әрбір қалдықты қайта іске жарату керегін насихаттайды. Ол үшін күл-қоқысты құрамына қарай бөлек контейнерге салса болғаны. Сұрыптап жинауға мүмкіндік те бар. Алайда көпшілік әлі бұл бастамаға салғырт қарайды, – дейді ол.

Людмила қалдықты өңдеудің тәжірибесін көрсетіп те жүр. Сынған әйнек пен керамиканы әдемі кәдесыйға, тұрмыстық затқа айналдырады.  

Людмила Евженкова, қоғам белсендісі:

- Қазір қарқынды жалғасып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы бекер ұйымдастырылып жатқан жоқ деп ойлаймын. Бұл – тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қоршаған ортаны таза ұстау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру сияқты сұрақтарды шешуге бағытталған үлкен бастама.

Белсенді жастар күл-қоқыс мәселесін түбегейлі шешуге ниетті. Яғни, қалдықты сұрыптау зауытын шикізатпен қамтитын пункт ашып, экологиялық жасақ құрып, жедел желіні іске қоспақшы.

Ясса Тәңір, Қоғамды экологиялық дамыту орталығының жетекшісі:

- Экологиялық патрульдің міндеті – табиғатта демалып жатқан тұрғындармен әңгімелесу. Олар отырған жерді фотоға түсіріп, көрсету. Міне, мына сіздер жинап қойған қоқыс ертең осы жерде жатса, оған сіздер жауапты боласыздар деп айтып, айппұл туралы да ескерту.

Шаһарда «Таза ойын» жобасы да басталады. Яғни, жүздеген адам қатысатын эко-квест өтеді. Жалпы биыл облыста «іс бастаймын» деген жастарға қаржылай қолдау көлемі артты.

Серік Жеңісов, ШҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы:

- Енді бір мысал айта кетейін. Кейбір аудандарда жастар саясатына бөлінетін қаржы көлемі 500 000 теңге болған, бір жылға 500 мың теңге не енді, енді қазір тапсырма беріліп отыр, жоқ дегенде, кемінде 5 миллионға дейін көтеріңдер деп, жастардың бюджетін бізде жастар орталығында облыстың орталығында 23 миллион теңге болса, қазіргі күнде 70 миллионға дейін көтердік.

Бұл қаржы нақты нәтиже беретін тың жоба авторларына ғана беріледі.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.